Ақтөбе облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтап тұр
Қандағаш қаласындағы 600 орындық мектеп былтыр қолданысқа берілуге тиіс еді.
Алайда ғимараттың қабырғасы әлі күнге дейін қаланып бітпеді. Сол маңдағы тұрғындар болса мектеп жасындағы балаларын көрші аудандарға тасып әлек. Бұл Ақтөбе облысындағы құрылысы кешеуілдеген жалғыз нысан емес.
Зәмзәгүл Ахметова қаланың Самал ауданына алты жыл бұрын қоныс аударған. Бірақ тұрғындар алабында мектептің жоқтығы қиын болды дейді. Бастауыш класта оқитын немерелерін бірнеше шақырым жердегі білім ордасына тасиды. Үйдің іргесінен жаңа мектеп салына басталғанда көңілі орныққанымен, құрылыстың созылып кеткеніне назалы.
Зәмзәгүл Ахметова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
- Мына жердегі мектеп басталғанына бірнеше жыл болды. 5-6 адам жүреді арасында. Бәленбай ақша бөлінді деп естіп жатырмыз. Бірақ та ешқандай жұмысты көріп жатқан жоқпыз біздер. 5-6 адам келеді шамалы 5-6 кірпішті қалайды да кетіп қалады қайтадан.
Жеңіс Досжанов, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
- Бәрі осы мектептің біткеніне қарап отыр ғой. Ана жақ алыс болып жатыр. Маршрутка жай жүреді. Уақытынды жүрмейді маршрутка көп күтіп қаласың.
Жаңа білім ордасының іргетасы екі жыл бұрын қаланды. Жобаға сай 600 орындық мектеп былтыр қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда мердігер мекеме құрылыс материалдарының бағасы қымбаттады деп, қосымша қаржы бөлуді өтінген. Облыстық құрылыс басқармасы мамандары жоба қайта қаралып, сметалық құжатқа өзгеріс енгізілгендігін айтты. Бастапқыда 1 млрд 700 млн теңгеге бағаланған нысанға республикалық бюджеттен шамамен 2 млрд 500 млн теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл Мұғалжар ауданындағы құрылысы созылып кеткен жалғыз нысан емес. Тағы бір білім ордасы қолданысқа берілуін Ащысай ауылы тұрғындары да асыға күтіп жүр. Шенеуніктер мердігердің созбалаққа салғандығын айтып ақталды.
Бектенбек Иманғазин, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:
- Аталған мәселе бойынша жаңағы мердігер мекемеге предписаниелер, барлығы жолдану үстінде. Үйткені мердігер мекеменің құрылыс монтаж жұмыстарының өте баяу жүруіне байланысты. сондай предписаниелер берілу үстінде. Енді өзінің уақыты өткеннен кейін заң аясында оған жауап беріліп, сотқа жүгінеміз деген ойдамыз.
Мұғалжар ауданының орталығы Қандағаш қаласында қазір 5 мектеп бар. Барлығында да оқушы толы. Өңірдегі демографиялық өсімді ескерсек алдағы 1-2 жыл ішінде қосымша білім ордасының қажет болары анық. Сондықтан Самал ауданындағы жаңа ғимараттан өзге «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір нысанның құрылысы басталған. Шенеуніктер екеуі де алдағы жылдың қыркүйегіне дейін қолданысқа берілуі тиіс, деп отыр.
Авторлары. Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков