Елде 3 мың ауыл сапалы интернетпен қамтылады

Бұл мақсатта келесі жылдан бастап «Қолжетімді интернет» жобасы қолға алынады.

2027 жылға дейін шақталған бағдарлама аясында ауылдарға талшықты оптикалық байланыс желілері тартылады. Жобаға 1 трлн 400 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Республикалық маңыздағы жолдар бойындағы ғаламтор сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Яғни, жаңадан антенна мұнаралары тұрғызылады. Құрылысқа бюджеттен 60 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ал ғаламтор операторлары қазір қолданыстағы байланыс базаларын жаңғыртуға міндеттеледі. Сондай-ақ, жоба аясында елдің барлық өңірінде 5G мобильді желісін енгізу көзделуде. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар қалалар аумағының – 75 пайызы, облыс орталықтары аумағының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Гүлнара Бөкеева, ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары:

- Астана қаласындағы интернет сапасы нашар деп белгіленген 67 нысан бойынша бүгінгі күнге дейін 24 нысанда бүгінгі күні базалық стансалар қойылып, сапасы жоғарыланды. Одан кейін қазіргі уақытта 15-імен жұмыстар әрі қарай жалғасуда. Сол үйлерді салған құрылыс компанияларымен бірлесе отырып, қазірше сол базалық станцияларды қай жерге қою керектігі жайында жұмыстар жүргізілуде.