Кішкентай жүрек соғып тұр

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері мерзімінен бұрын туған нәсерстенің жүрегіне операция жасап, қатерсіз ісікті алып тастады.

«Шала туған балаға мұндай күрделі операция орталықта алғаш жасалып отыр. Тәуекелдерге қарамастан операция сәтті өтті», - дейді дәрігерлер. Қазір баланың жайы қалыпты.

32 аптасында 1 келі 800 грамм салмақпен дүниеге келген талдықорғандық нәресте Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына ретинопатия диагнозымен жатқызылады. Яғни, жанары жетілмегендіктен көз торшалары зақымданған. Бірақ дәрігерлер қосымша тексерулер жүргізе келе нәрестенің жүрегінде қатерсіз ісік – миксома бар екенін анықтайды.

Алмас Бердібеков, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Бала шамалы салмақ қосып өссін деп шешім қабылдадық. Мүмкіншілік берейік деп. Емнің нәтижесінде балаға бір айдан асқаннан кейін сол ісікті алып тастауға операция жасалды. Сәтті өтті. Бала қазіргі таңда үйінде. Сол нәтиженің екі – кардиохирургия және неонатология бөлімдерінің жұмыла жасаған жұмысының нәтижесі.

Дәрігерлер операцияны жасанды қанайналымын қосу арқылы екі сағат жасаған. Нәтижесінде, жүректегі қатерсіз ісік алынып тасталды. Айта кетейік, жыл басынан бері орталықта шала туған нәрестелерге түрлі патология бойынша он операция жасалған.

Айжан Байғұттиева, неонатология және хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Осы жылдың 9 айында 379-дан астам бала емделіп, үйіне шығарылды. Оның 80 пайызы шала туған нәрестелер. Қазір ең кішкентайымыздың салмағы 750 грамм болып туылды. Ол интенсивті терапия палатасында жатыр. Екі апталық ем шарадан кейін салмағы 1 келі 200 грамға жетті.

Ғылыми орталықта неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі 1959 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Бүгінде шала туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті», - дейді дәрігерлер. Олардың өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеген. Мұнда салмағы 500 грамнан жоғары туылған нәрестелер арнайы құрылғыларда жетілдіріледі.

Перизат Әбілмажинова, Талғар қаласының тұрғыны:

- Бүгін шүкір жақсы, енді шығуға дайындаламыз бұйырса. Біздің қазір жағдайымыз өте жақсы. Қалыпты жағдайға түстік. Және осы институттың дәрігерлеріне өте көп алғысымды айтқым келеді. Сол кісілердің арқасы.

Статистика бойынша, елімізде жыл сайын 25 мыңға жуық нәресте айы-күні жетпей дүние есігін ерте ашады екен. Сондықтан дәрігерлер ата-аналар арасында ерте босанып қалудың қауіптілігі, оның алдын алу және жүктіліктің толық мерзімін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыру аса қажет дейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев