Семейде жас педагогтер форумы өтті

Семейде «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» форумы өтті.

Іс шараға облыстың ауылдарынан 130-ға жуық жас педагог қатысты. Олар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, әр салада табысқа жеткен жандардың дәрісін тыңдады.

Абай облысында алғаш рет ұйымдастырылған форумға еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын ауыл мұғалімдері келді. Аягөздік Данияр Нәдірбаев бұл басқосуға өзінің тәжірибесімен бөлісуге арнайы шақырылыпты. 

Данияр Нәдірбаев, математика пәнінің мұғалімі:

- Біз Астанада өткен «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» форумының делегатымыз. Осында Абай облысындағы форумын ұйымдастырушы, тим лидер ретінде келдік. Форумды ұйымдастырудағы мақсат – жас мамандарды бірінші кезекте бір бірімен танысуы. Бір бірімен араласуы. Бір-бірімен іс тәжірибе алмасуы.

Гүлфарида Раисова, ШҚО педагогикалық шеберлік орталығының директоры:

- Республикалық форумға қатысып келген делегаттар бұл тим лидерлер команда топ басшылары болып 10 үлкен  жобалық сессияны қорғайды. Жобалық сессияда интеллектуалды карта арқылы өздерінің алдарында тұрған проблеманы шешуге өзіне берілген команда 20 адамды біріктіріп, жаңа өнім жасап шығарады.

Жас педагогтар форум барысында өз жобасын қорғап қана қоймай, әр саладағы білікті мамандардың ой-пікірін тыңдады.

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры:

- Мұғалім мемлекет қалыптастырушы тұлға. Мағжан Жұмабаевтың кезінде айтқан алаш жиналса алаштың төрі мұғалімдікі деген қағида әлі өзінің күшін жойған жоқ. Жас ұстаздарға қойылатын міндет те зор. Бүгінгі тәрбиеленуші ұрпақ ертеңгі мемлекетіміздің негізі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум енді жыл сайын өтеді. Сәтті шыққан жобалардың іске асуына тиісті қолдау да болады.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы