Қызылорда облысында «Үлгілі ауыл» байқауы жарияланды

Тәуелсіз комиссия елді мекендердің тазалығы мен тыныс-тіршілігін саралайды, даму деңгейін бағалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңімпаздарға қомақты жүлде бар.

Қызылорда облысындағы жасыл желек көмкерген көрікті ауылдардың бірі – Бесарық. Дегенмен соңғы жылдары ағын су мәселесі алаңдата бастаған. Аталған түйіткілді шешу үшін құны бір миллард теңгеге жуықтайтын ірі жоба қолға алынды. Жаңадан салынатын су арнасы Қаратауда жиналған тірішілік нәрін Бесарық және Кеңес елді мекендеріне кедергісіз жеткізеді.

Серік Өмірбек, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Бірінші Бесарық ауылына 2 метр секундына су беріледі. Кеңес ауылына 1,5 текше метр су беріледі. Сағасында өлшегіш құралдары болады. Судың жылдамдығын, көлемін өлшейтін 2 қондырғы болады. Әрі қарай мал өткелі жасалатын болады, сосын көлік өткелдері болады. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Су арнасының жалпы ұзындығы – 19 шақырым. Құрылыс материалының 70%-ке жуығы дайын тұр. Ал жобаны келесі жылдың соңына дейін толық жүзеге асырамыз, - дейді мамандар. 

Бесарықта биыл арық жүйелерінен бөлек, 3 көше жөнделіп, 2 көше жарықтандырылды. Бір шақырымнан астам жаяу жүргінші жолы асфальтталды. Әлеуметтік нысандардың да құрылысы көбейген. 

Әлібек Абдуллаев, Жаманбай батыр ауылдық округінің әкімі:

- Клуб үйі жаңадан салынған. Мемлекеттік балабақша бар. 2 мектеп бар. Балалар ойын алаңы салынды, газон салды. Сонымен қатар спорт комплексті жоба сметалық құжаттарын толық бітіріп, келесі жылдың жоспарында жүзеге асады деген жоспарымыз бар.

Рашид Нәлтаев, Бесарық ауылының тұрғыны:

- Тұрмыс-тіршілігі қалай ауылдың? Сыртқы келбетінен-ақ білуге де болады мұны. Бау-бақша бар, көгеріс бар, өте жақсы. Таудан келіп жатқан Бесарықтың суының өзі қандай керемет. Бұл жерді біздің Бесарықты туристік аймақ етсек те болады. Қаншама құрылыс салынып, қаншама жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер көбейіп жатыр ауылымызда.

Биыл өңірде Бесарық секілді тіршілігі түрленген елді мекендер арасында «Үлігілі ауыл» байқауы жарияланды. Оған облыс бойынша 21 ауыл мен 6 аудан орталығы қатысады. Тәуелсіз комиссия анықтайтын жеңімпаздарға облыс бюджеті есебінен көше тазалауға арналған коммуналдық техникалыр сыйға беріледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.