СҚО-да 100-ден астам ауылда жарық жоқ

Солтүстік Қазақстан облысында 100-ден астам ауылда бірнеше күннен бері жарық жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде боран соғып, екпінді желден электр сымдарына мұз қатқан. Салдарынан желілер жаппай істен шығып жатыр. Бір ғана Мағжан Жұмабаев ауданында 45 елді мекен қараңғылық құшағында қалған. Қазір аймақтағы жағдай қалай?

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Өткен демалыс күндері болған боран солтүстікқазақстандықтарды әбден әбігерге салды. Қатты жел электр сымдарын үзіп, тіпті бағандарды да қиратып тастаған. Салдарынан қазір аймақта бірнеше елді мекеннің тұрғындары жарықсыз отыр.

Облыс орталығынан 70 шақырым қашықта орналасқан Ганькино ауылында жарық 2 күннен бері жоқ. Тұрғындар электр энергиясы болмаған соң судың да тоқтағанын айтады.

Людмила Иванова, Ганькино ауылының тұрғыны:

- Жұма күннен бері жарықсыз отырмыз. Артынша тіршілік нәрі тоқтап, телефон байланысы жоғалып кетті. Бүгін әйтеуір ақырындап су беріле бастады. Қараңғыда отырмайық деп дүкеннен шам сатып алдым.

Мына желілер өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген. Электр сымдарына мұз қатып, қатты желге шыдас бермей үзілген. Оқиға орнына жеткен мамандар іске кірісті.

Александр Чекулаев, электр энергиясымен қамтушы компанияның бас директоры:

- Қазір жөндеу жұмыстарын бастадық. Бағанды қайта қалпына келтіреміз. Әрі қасына қосымша тағы екеуін орнатамыз. Жағдайды 3-4 күнде ретке келтіреміз деген ойдамын.

Қазір Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандарында жағдай тіптен қиын. Желілердің көбі осы аудандарда зақымданған.

Рүстем Құрманов, облыс әкімінің орынбасары:

- Штаб құрылып, мамандар демалыс күндері кезекшілікте болды. Әлеуметтік нысандарды бақылауға алдық. Яғни, аурухананлар мен мектептерге арнайы генераторлар қойылды. Қазір көрші Ресей және Ақмола облысымен келісімге келдік. Енді бұл аудандарға электр энергиясы уақытша сырттан тасымалданады.

Қазір өңірде 165 мыңнан астам абонент бар. 7 мыңы жарықсыз отыр. Бұл – шамамен 100-ден астам ауыл. Жалпы аймақта электр желілерінің 95%-і тозған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.