Ақтауда дәрігерлерге 2 ай бойы еңбекақы төленбеген
Ақтауда емдеу мекемесінің ұжымы 2 ай бойы еңбекақы алмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Медицина қызметкерлерінің жанайқайы әлеуметтік желіде жарияланып, бұл іске прокурорлар араласты. Құзырлы орган тексеріс жүргізіп, жеке ұйым басшылығының 76 миллион теңгеден астам жалақы төлемегенін анықтады. Қазір емханада жұмыс істейтін 287 адамның айлығы толық өтелді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына ұсыныс енгізіліп, жұмыс берушіге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Нұрат Саматов, қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
- Жұмыс беруші өзінің қаржылық жағдайына байланысты төлемеген. Бірақ ол айлық бермеуге негіз емес. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес әрбір жұмыс беруші жұмысшыға қатысты жалақысын, егер де ұжымдық немесе еңбек шарттарында өзгеше белгіленбесе, келесі айдың 10 күндігіне дейін төлеуге жатады.