Қазақстанда он жұптың жетеуі ойынқұмарлықтың салдарынан ажырасады
Әлеуметтік зерттеулер осыны көрсетіп отыр.
Ал тұтастай алғанда елімізде 350 мың адам лудомания дертіне шалдыққан.
Олег Кузнецов құмар ойындарға жастайынан әуес. Достарына еріп, бірінші рет 13 жасында бәс тігіпті. «Алғашқы жеңісімнің дәмі әлі есімде», - дейді. Тапқан ақшасын сол арада букмекерлік кеңседе жұмсап тастаған. Он жылдан бергі құмарлық Олегті құрдымға құлата жаздады.
Олег Кузнецов, қала тұрғыны:
- Өз-өзіме қол салғым келіп, күйзеліске ұшырадым. Таңертең оянып бәс тікпесем, ауырып тұратындай күй кештім. Ақша болмаған соң несие алып, үйден ақша ұрлап, бағалы затты ломбардқа тапсыра бастадым.
Қарызға белшесінен батқан Олег дүниемен қош айтыспақ болғанда ғана, үй-іші жағдайының қаншалықты ауыр екенін түсінеді. Оған қолдау көрсетіп, емдеуге жібереді.
Олег Кузнецов, қала тұрғыны:
- Әлеуметтік жағдайым онша емес енді. Оңалту орталығының көмегіне жүгінуге тура келді. Оқуымды қайта қолға алдым, жеке өмірім де қалпына келе бастады.
Психологтар елдегі лудомания жасарып барады деп дабыл қағып отыр. Тіпті мектеп оқушыларының құмар ойын ойнайтыны жиі анықталып жатыр.
Александр Рущук, психолог:
- Әлі бала болғандықтан, әрі қаржылық сауаты төмен болғандықтан, әлденемен ерекшеленгісі келеді. Көбіне олар «ата-анам ақша табу үшін күні-түні еңбектенеді, ал мен бұны оңайлықпен істей аламын» деп ойлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр елімізде 44 517 жұп ажырасқан. «Қазақстандық отбасылар 2022» ұлттық баяндамасында келтірілгендей, айырылысу себептерінің ішінде лудомания төртінші орында тұр.
Әмина Қуанышбаева, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ сарапшысы:
- Динамика бойынша талдау жасаған кезде Қазақстанда осы ажырасу санының төмендеуін көрсетеді. Себебі 2018 жылы жалпы коэфицент мың адамға шаққанда 3 ретінде құралып жатса, қазір 2022 жылы ол 2,27 болып көрсетті мың адамға шаққанда. Көбінесе материалдық себептер, ақшаның жетіспеуі, келесі ол бізде маскүнемдік, әртүрлі тәуелділіктер, сонымен қатар лудомания да бар.
Қоғамдық дертпен күрес мемлекет деңгейінде іске асу керек. Осындай пайымға келген депутаттар жаңа заң жобасын қолға алған. Жоба букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеп, құмар ойындарды ұйымдастырушыларды әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартуды көздейді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Әлишер Әшімов, Марат Диханбаев