Шымкентте қараусыз қалған нысан қайта жаңғырады

Шымкентте қараусыз қалған «Фосфоршылар сарайы» қайта жаңғыртудан өтеді.

Жергілікті билік пен бұрынғы меншік иесі келісімге келіп, мәдениет үйін мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады. 50 жылдық тарихы бар  ғимарат жекенің қолында әбден тозған. Ондаған жыл бойы қаңырап, көше кез-белері мен маскүнемдердің мекеніне айналған. Терезелері шытынап, қабырғалары қирап кеткен. Ал кәсіпкер, нысанды жаңғыртуға құлықсыз және күтіп-ұстаудан бас тартып отыр, дейді Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің өкілдері. Осының нәтижесінде мәдениет үйі қала теңгеріміне өтіп, аумағы абаттандырылады. Сонымен қатар нысан көпфункционалды «Жастар сарайына» айналып, халық игілігіне қайта қызмет етпек.

Ғалым Қасымбеков, қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары:

- Фосфоршылар сарайын Шымкент қаласы әкімшілігінің коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданған болатын. Шешім қабылданғанымен әрі қарай ол бойынша атқарылар біршама заң тәртібінде белгіленген жұмыстар бар. Қазіргі күнде ол жұмыстардың барлығы жүргізіліп жатыр.