Сапалы медицина – ұлт саулығының кепілі
Ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 13 нысан салынды.
Тағы 90-ға жуығының құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, қатерлі ісікке шалдыққан азаматтарды емдеу үшін елдімекендерде ұзын ырғасы 230-ға жуық нысан бой көтереді. Ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау-алды бағдарламасында айқындалған міндет.
Сапалы медицина – ұлт саулығының кепілі
Ауылдар мен аудан орталықтарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілетін 700 нысан салынады. Осыдан бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында осылай деп уәде берген. Ізін ала ұлттық жоба әзірленді.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы ұлттық пилоттық жобаның аясында бүгінгі күні 13 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандардың құрылысы аяқталды. 86 нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 13 перинаталдық орталықтың құрылыс жүргізіліп жатыр. Осының бәрі де ауылдық тұрғындарға медициналық көмектердің қолжетімділігі сапасын арттыруға бағытталған.
Сайлауалды бағдарламасында Қасым-Жомарт Тоқаев «біз онкологиялық қызметті кешенді түрде жаңғыртамыз» деген. Осы мақсатпен 228 медициналық нысан салынатын болды. Хош. Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің сапасын арттыруға да уәде берген. Министрлік бұл жүйені келесі жылдан бастап жетілдіреміз деп отыр. Әйтпесе кейінгі кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты сын көбейген.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Медициналық ұйымдарға түскен қаражатты пациентке жеткенге дейін автоматтандырып, цифрландырып, көріп отыруымыз керек. Қазір цифрлық министрлікпен осы жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылы енгізетін боламыз. Яғни олар бізде ақпараттық жүйеде кімге қандай мед көмек көрсетті, барлық көрсетілген мед қызмет, сосын ең соңында пациент иа мен болдым, алдым, қанағаттандырылған ба әлде жоқ па деп баға беретін болады.
Кейбір денсаулық сақтау мекемесінде бірнеше заңсыздық анықталды. Мәселен, адам санын немесе көрсетілген қызметті көбейтіп есеп беру сынды деректер тіркелген. Енді мұндай заңсыз әрекет болмас үшін барлық жұмыс цифрлық жүйеге негізделеді. Әрі Мемлекет басшысы да сайлауалды бағдарламасында денсаулығы туралы ақпараттың әр азаматқа толық қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз» деген еді.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров