Елордада үлескерлер мәселесі шешіледі

Ал елордада үлескерлер мәселесі көп ұзамай шешіледі.

Жылдың соңына дейін сақалды құрылыстан сан соққан 3 мыңнан аса салымшыға пәтер кілті табысталады. Ақпаратты Астана қаласының әкімдігі растады. Олардың мәліметіне сенсек, келесі жылы тағы 500-ге жуық жанұя баспаналы болмақ.

Тұрғындарды толғандырған түйткілді шешуді мемлекет басшысы тапсырған еді. Сала мамандары "содан кейін сең қозғала бастады" дейді. Себебі, үлескерлердің алды ақшасын 15 жыл бұрын құйып, үйін енді алып жатыр. Мәселенің мән жайын Бекзат Аманов рет-ретімен айтып береді.

Елорда тұрғыны Ғазиза Нұрқайдар 2021 жылы құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің үлескері атанады.

Әу баста жауапты компания оған пәтердің кілтін былтыр қыркүйекте біреміз деп уәде еткен еді. Алайда құрылыс созбалаңға салынып, салымшылар сан соқты. Баспанасы тек биыл күзде бітіп, жөндеу жұмыстарын енді бастады.

Ғазиза Нұрқайдар, қала тұрғыны:

- Бір жылға күттім, бірақ сол уақыт аралығында ремонт жасап кіруіме болар еді. Инфляция әсері бар. Ол ақшаны депозитке салсақ, белгілі бір сумма бізге қайтып отырар ма еді. Бізге ешқандай орнын толықтырған жоқ. Алайда қосымша тұрғын үйге қоршау, фейс айди орнату жайлы уәделерін берді.

Жыл соңына дейін Ғазиза сынды 3600 үлескер жылдар бойы сарыла күткен пәтеріне кіреді. Салымшылардың арасында баспанасын 10 жылдан аса уақыт күткен азаматтар бар. Олардың алғашқысы  тұрғын үйге қаржысын сонау 2008 жылы құйған. Кейбірі 2014 жылы үлескер атанды. Ақыры  көптен күткен арман орындалып, баспана бақыты бұйырды.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:

- 2007-2008 және 2014-2015 жылдардағы екі ауыр дағдарыстан кейін елордада 190-нан астам құрылыс бітпей қалды. Ал ел бойынша бұл көрсеткіш бұдан да көп еді. Бірақ мәселе шешіліп жатыр. Өз пәтерлерін асыға күткен адамдардың сезімін түсінеміз. 15 жыл бойы баспанасын ала алмай келген азаматтар бар. Олардың баласы дүниеге келіп, мектеп бітіретін уақыт өтті. Әрине, істің ақыры тұрғындар пайдасына шешілді. Бұл қуанарлық жайт және әкімдік үшін еселі жетістік.

2019 жылдың соңында елордада алданған үлескерлердің саны 16 мыңға жеткен еді. Биыл бұл тізім төрт есе қысқарды. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың шарапаты мыңдаған отбасының қуанышына мұрындық болды. Атап айтқанда, республикалық және жергілікті бюджет һәм Ұлттық қор қаражаты проблемалы үйлердің бітуіне жұмсалды. Бұған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын да қосуға болады. Бұл құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында қабылданған еді.

Мақсат Шаяхметов, қала әкімдігі жанындағы "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС атқарушы директоры:

- Мемлекеттік бағдарламаға 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат үлескерлер мәселесін шешуге жұмсалды. Жыл басында қалада 32-ге жуық проблемалы үй болды, қазір оның 14-і салымшыларға табысталды. Яғни, 1700 үлескер пәтеріне кірді. Жыл соңына дейін тағы 3600 салымшыны қуантамыз. Олардың  бір парасы үйін келесі жылдың басында алады.

Үлескерлердің қаржысын қалтаға басқан, жауапсыз компаниялар да жауапкершіліктен құтылып кете алмады. Кінәсі дәлелденгендер лайықты жазасын өтеп жатыр. Қала әкімдігі  құрылысты созғанды қойып, барынша жауапты болуға шақырады. Айта кетейік, елде 600-ден астам құрылыс компаниясы жұмыс істейді. Қазір тұрғын үй құрылысына 700 мыңнан астам адам жұмылдырылған.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов