СҚО-да перзентхана дәрігері қызылша жұқтырды

Солтүстік Қазақстан облысында перзентханада жұмыс істейтін дәрігерден қызылша анықталды.

Қазір ол ем-дом қабылдап жатыр. «Инфекция жұқтырған дәрігер жүкті әйелдермен қарым–қатынаста болмаған. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері. Қазір перинаталдық орталықта шектеу шаралары енгізілді. Яғни босанатын әйелдің жанына серіктес болып кіруге тыйым салынды. Себебі өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Жыл басынан бері 47 адам қызылша жұқтырған. Мұнымен қоса, жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырып жатқандардың да саны артып келеді. Аймақта балалар мен медицина қызметкерлерін жаппай иммундау науқаны жүріп жатыр. Өңірде ол үшін 256 вакцина салатын орын жасақталды.

Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Бір дәрігер ауырды. Бірақ ол ауру барысында үйде отырды. Сондықтан пациенттермен ешқандай қатынасқа түскен жоқ. Бұл жерде карантин енгізілген жоқ. Тек қана шектеу шаралары. Партнерские роды дейміз ғой, сол серіктес болып кіруге болмайды. Себебі серіктестердің көбісі паспорт вакцинаций дегенді көрсетпейді. Оларда қызылшаға қатысты екпе бар ма, жоқ па оны дәлелдей алмайды. Сондықтанда осындай шараға мәжбүр болып отырмыз.