Екібастұздағы апатқа қатысты сот үкімі шықты

Былтыр Екібастұз жылу электр орталығында болған апатқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Екібастұзжылуэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы бас директоры, «Екібастұз жылу электр орталығының» экс-директоры және «Екібастұз жылу желілері» серіктестігінің бұрынғы басшысына 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Оларға 2022-2023 жылдың жылыту маусымына дайындықты толық қамтамасыз етпеді деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған еді.  Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.

Еске сала кетсек, былтыр 27 қараша күні Екібастұз жылу электр орталығында  бір қазандық істен шығып, қала жылусыз қалды. Кейін тағы 3 қазандықтың жұмысы тоқтап қалды. Жылу желілері жарылып, шаһарда төтенше жағдай жарияланды.

Агидель Ибраева, облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Сотталушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын олардың ауыр зардаптарының туындауына абайсыз кінәсін ескере отырып, сот оларға пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, әрқайсысына 2 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны тағайындады. Сондай-ақ сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.