Шымкентте интернет алаяқтық тыйылмай тұр

Интернет алаяқтар Шымкент тұрғындарының 720 миллион теңгесін қолды қылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция департаменінің мәліметінше, жыл басынан бері кибершабуылға қатысты 786 қылмыстық іс ашылды. Алыста отырып-ақ аңғал жұртты алдап соққан күдіктілер көбіне өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Есепшоттағы қаражатты сақтандыруды сылтау етіп, жәбірленушілердің атына несие рәсімдепті. Сонымен қатар азаматтарды түрлі инвестициялық салымға шақырып, қаражатын жымқырған. Интернет платформалары арқылы иелігінде жоқ мүлікті саудағы шығарып, алдын-ала кепіл ақша сұраушылар да аз емес. Полиция қызметкерлері азаматтарды кез келген қаржылық аударымдарға мұқият болуға шақырады.

Арман Бейсенбаев, қалалық ПД бастығының орынбасары:

- Жыл басынан бері 10 айдың көлемінде Шымкент қаласында 786 интернет алаяқтық қылмысы тіркелді. Жалпы 720 миллион теңге шығын келтірілді Шымкент қаласының тұрғындарына. Бірнеше азаматтарға түсіндірме жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан осы алаяқтық қылмыстары тоқтамай келеді.