Ақтөбе облысында 30 ауыл сапалы интернетпен қамтылады
Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 30 ауылға интернет байланысы тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нәтижесінде өңірдегі елді мекендердің 81%-і интернетпен қамтылуы тиіс. Ұялы байланыс қызметін көрсетуші компанияларға сапасы кемінде 4G деңгейінде болуы қажет деген талап қойылды. Ал аудан орталығына жақын орналасқан ауылдарға талшықты оптикалық байланыс желісі орнатылмақ.
Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Халық арасында жаңа аудан деп аталатын тұрғындар алқабында 500-ге жуық баспана салынған. Қосымша мыңнан астам жер телімін үлестіру жоспарда. Абонент санының артуына байланысты интернет сапасы да күрт нашарлапты.
Сұлухан Бисенбаева, Сарыжар ауылының тұрғыны:
- Қоңырау салу үшін сыртқа шығамыз. Сондықтан біздерге осы бір жыл болып қалды, интернет мүлде жылдамдығы аз. Сондықтан бізге интернет өте қажет. Қазір барлығы интернетпен жұмыс жасаймыз. Салық та төлеу интернетпен, хабар алу үшін де ол да интернетпен. Аудио жіберсек, ол да ашылмайды. Сыртқа шығып, 1-2 нүкте бар, сол жерге барып, телефондарымызды алып, сол жерде жұмыс жасаймыз.
Аудандық бюджет есебінен Сарыжар ауылына интернет байланысының мұнарасы орнатылды. Қазір мұнда талшықты оптикалық кабель тартылып жатыр. Нәтижесінде ауылда салынып жатқан жаңа мектеп пен 600-ге жуық абонент жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады.
Бекболат Сәрсенбаев, Сарыжар ауылдық округінің әкімі:
- Қазіргі таңда тек мына жарыққа қосу мәселесі. Енді «техусловие» аламыз. Негізінен қондырғылардың барлығы келді. Қарашаның аяғына дейін интернет мәселесі толығымен шешіледі.
Сапалы интернетке сұраныстың артқанын халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да айтып отыр. Тұрғындар қажетті анықтамалар мен құжаттарды аудан орталығына бармай, үйде отырып-ақ алуға мүдделі. Мәртөк ауданы бойынша күніне мұндай 90-ға жуық өтініш түседі.
Сұңғат Мұғау, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ Мәртөк аудандық филиалының басшысы:
- «Е-лицензирование» арқылы алатын қызметтерді бұрын бізде ауданға келіп тапсыратын еді. Қазіргі таңда әрбір ауылдық округтің өзін-өзі қызмет көрсету орындары арқылы тапсырып, өсім бар 30-40%-ке.
Қазір Мәртөк ауданында ұялы байланыс пен интернеті жоқ жоқ 6 ауыл бар. Жыл соңына дейін бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Ал Мұғалжар ауданында жылдамдығы жоғары талшықты опикалық байланыс желісін жүргізу қолға алынды. Жеке инвестор есебінен 6 ауылмен байланыс орнатылады. Шамамен 100 млн теңге қаржы бөлген.
Дархан Ермағамбетов, Мұғалжар ауданының әкімі:
- Талшықты сымменен қамтамасыз еткеннен кейін бұл жылдамдық және де сапасы жақсы, жоғары болады. Сондықтан да осы қымбат болса да, осы бағытқа болашаққа сол ауылдарды интернет желісімен қамтамасыз етіп отырғанымыз. 6 ауылмен тоқтап қалмаймыз. Қашықта орналасқан ауылдарымызды толықтай интернетпен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар.
Қазір Ақтөбе облысындағы 323 елді мекеннің 225-сінде интернет байланысы бар. Жыл соңына дейін тағы 30 ауылды қамту көзделіп отыр. 2024 жылы шалғайдағы 37 ауыл жоспарға енген. Нәтижесінде көлемі бойынша еліміздегі ең үлкен облыстың 90%-і толықтай интернетпен қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков.