Алматыда БАҚ туралы заң жобасы талқыланды
Алматыда өткен Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы талқыланды.
Жиынға журналистер қауымдастығының мүшелері, жетекші басылым, телеарналардың редакторлары мен қоғам өкілдері қатысты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңнамалық норма ескіргенін атап өтті. Қолданыстағы заңнаманы жаңғыртудың негізгі факторы - елдегі ақпараттық қауіпсіздік жағдайы. «Жаңа заң сыртқы ақпараттық шабуылдар тәуекелін барынша азайтуы керек», - деді вице-министр. Сондай-ақ заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының мұрағатын сақтауды үш жылға дейін қысқарту көзделген. Жалпы, депутаттар тарапынан заң жобасына қатысты 170-ке жуық түзетулер келіп түскен.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:
- Сонымен қатар, ақпараттық доктрина әзірленді. Оның негізгі бағыты ең алдымен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Екіншіден, біздің бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұраныс, яғни олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сондай-ақ, сөз бостандығын қамтамасыз ету. Бұл біздің ақпараттық доктринада қамтылған негізгі бағыттар. Осы жәйттер БАҚ туралы заңда көрініс табады.