Елде қылмыстық тергеудің үш буынды моделі іске қосылды

Конституциялық құқығы бұзылған қызылордалықтардың үлесі былтырға қарағанда 50%-ке азайды.

Өңір прокурорлары сотқа жіберген 76 істің ешқайсы кері қайтарылмаған. Бұған қылмыстық тергеудің үш буынды моделінің енгізілуі себеп. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған жаңа құқықтық жүйе бойынша енді полиция тек күдіктіні тауып, айғақ жинаумен айналысады. Ал негізгі айыптау актісін прокурорлар тағайындайды. Яғни құзырлы органның келісімінсіз адамды күдікті деп танып, тергеп-тексеруге жол берілмейді. Құқық қорғаушылар келтірген дәлел-дәйектерді сараптай келе соңғы шешімді сот шығарады. Былтыр аса ауыр қылмыстар, биыл сыбайлас жемқорлық, ал келер жылдан бастап барлық істі прокуратура қарайды. Сонымен қатар үш буынды модель аясында қылмыстық істі электронды түрде тергеу тәсілі іске қосылды.

Бақытжан Мырзабаев, облыс прокурорының орынбасары:

- Нәтижесінде тергеушінің құжат толтыру уақыты үнемделіп, қателік жіберу деректері азайды, бұрмалау мен манипуляция жасау мүмкіндіктері тыйылды. Шешімдердің барлығы онлайн болуына байланысты прокурорлық қадағалау мен ведомствалық бақылау күшейтілді.