Қызылорда облысында 30 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіледі

Қызылорда облысында тұрмысы төмен 30 отбасы өңірлік интергациялық орталық мамандарының бақылауына алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен жобасы аясында қамкөңіл жандардың тығырықтан шығуына жан-жақты көмек көрсетіледі.   

Сырдария ауданы, Қараөзек ауылының шетіндегі мына қоржын тамда тұратын Сәбира Өтегенова балаларының болашағына алаңдайды.   Омыртқасында ақауы бар 45 жастағы әйел 5 жылдан бері төсекке таңылған.  Балаларымның жастайынан ауыр жұмысқа жегілгені жаныма батады, - дейді ол. 

Сәбира Өтегенова, Сырдария ауданының тұрғыны:

- Қыстай балам қиналады от жаққанда. Үй мұздай болады. Жылы жерден баспана болса дейміз. Қалаға барып, дәрігерге барып көрінуім де қиын. Қызылордаға көшсем деймін. Жақын жерден ауруханаға жатуыма жеңіл болар еді. Балаларыма да жақсы болар еді.

5 баласы бар Ақнұр Омарова да баспана тауқыметін тартып жүр. Үй салу немесе сатып алуға қысқа жіп күрмеуге келмейді. Сал ауруына шалдыққан 3 жасар кенжесіне қараймын деп жұмысқа да шыға алмайды.

Ақнұр Омарова, қала тұрғыны:

- Маған пәтер қажет. Қиналып жүрміз 5 баламен. Ауру қызым бар оңай емес. Оның да еміне жақсы жерлерге апарсам деймін. Бірақ қаражатым жетпейді, ары тартсам да, бері тартсам да. Пәтерден пәтерге көшіп жүреміз. Қиналып кеттік, көмек берулеріңізді сұраймын.

Осындай тұрмысы төмен 30 шақты отбасы анықталды. Оладың өз күшімен тығырықтан шығуы екіталай, - дейді интеграциялық орталық өкілдері. Мамандар ана мен балға құқықтық, әлеуметтік және медициналық кешенді қолдау көрсетеді.    

Гүлмира Ақтаева, психолог:

- Жұмыс 1-ші ретте отбасымен танысудан басталады. Танысқаннан кейін барлық проблеманы білгеннен кейін маман ретінде алғашқы жұмысымды анамен бастаймын. Өйткені ана – сол отбасының тірегі. Ананың энергиясы, білімі, ақылы, сол отбасыны алып шығамын деген ниеті басты орында тұруы керек.

Жанат Сапаржанова, жоба үйлестірушісі:

- «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлық сала бірлесе отырып жұмыс жасаса, қиын өмірдегі отбасылардан қандай да бір белгі келіп түсетін болса, бірге ол тығырықтан шығарып алу оңайырақ және жылдамырақ болады. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты бір терезе қағидаты бойынша барлық сала өкілдерімен команда құру арқылы қызмет көрсету болып табылады. 5 ай уақыттың ішінде біз көптеген отбасы қиын жағдайдан шықты. Сонымен қатар өмір сүру деңгейі көтерілді.

БҰҰ даму бағдарламасы жобасының бұл – 2-ші кезеңі. 2019 басталған алғашқы кезеңде 120 отбасының тұрмыстық мәселені еңсеруіне қолдау көрсетілді. Сарапшылар әлеуметтік көмек және медициналық қызметтің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруды ойлайды.  

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.