Халықтың тек 3%-і креативті индустрияда еңбек етеді
Алдағы 2 жылда Қазақстан әлемдік нарыққа 200 млн доллардың креативті өнімін шығаруы тиіс.
Бұған дейін Мемлекет басшысы креативті экономиканы құрудың міндетін белгілеп, бірқатар тапсырма берген еді. Сондықтан қазір креативті индустрия саласын дамытуға Үкімет мейлінше күш-жігерін салып жатыр. Саладағы кәсіпкерлердің санын арттырудың тетіктері қарастырылған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгінде креативті индустрияның қатарына жататын 43 түрлі бағытты анықтаған. Сәйкесінше экономиканың тың саласын дамытудың жол картасы әзірледі. Бұл мемлекеттік қолдау тетіктері озық ойлы жандарға қолжетімді болуы үшін аса маңызды. Осылайша, потенциалы жоғары, ұшқыр ойлы жастардың шетке кетпей, өз елінің экономикасына сүбелі үлес қоса алатындай жағдай жасауымыз керек, - дейді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мен сізге айтайын, сол Цюрихте жұмыс істеп жатқан, жаңағы Гуглдағы белді маманымыз Аманның өзі, мен өзім сұхбаттасқанда, оны мен енді атын айтпайын, осындағы ең ірі әуе компаниясы мен ең бірі банктердің бірі жұмысқа алмаған, тіпті резюмесін, түйіндемесін қарап. Міне, біздің бағаламайтынымыз соншалық, талапты-талантты жастарымызды. Сондықтан Президенттің осы Жолдауы талапты, талантты жастарға үлкен жол ашады деп білемін. Оның ішінде, міне, креативті индустрия орталықтарын құру тапсырмасы.
Иә, креативті индустрияның тынысын ашу үшін Президент әр өңірде арнайы хаб ашуға пәрмен берді. Мақсат – таланттарды іздеу, оларға мемлекеттік қолдау тетіктерін ұсынып, зияткерлік өнімдерін коммерцияландыруға және экспорттауға жәрдемдесу. Әзірге креативті индустрияда 285 мың азамат еңбек етеді деген дерек бар. Бұл – халықтың 3-ақ проценті. Арасындағы креативті кәсіпкерлер саны 30 мыңнан сәл асады.
Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Креативті кәсіпкерлер дегеніміз кім? Шығармашылық өнім ұсынып, сол арқылы табыс тауып отырған азаматтар. Оларды толыққанды креативті кәсіпкерлер ету үшін, біздіңше, бизнесін қалай тіркеуді, жалпы кәсіпкерліктің негіздерін үйретуіміз қажет. Осылайша, оларды бизнесті жүргізудегі ережелермен бірге жеңілдіктерге қалай қол жеткізуге болатынын үйренеді. Бүгінде біз мұндай кәсіпкерлерді қолдау механизмдерін қарастырып жатырмыз.
Зияткерлік пен шығармашылық қашанда жоғары сұранысқа ие. Тіпті пандемия кезінде ақыл-ойдың жемісімен күн көріп, табысын еселегендердің қатары артқан еді. Депутат Нартай Сәрсенғалиев мемлекеттік қолдауды арттырсақ, оң нәтижесін көп ұзамай көреміз деген сенімде.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:
- Анимациалық киноларды жарыққа шығару бойынша 10 жобаны жарыққа шығарады дедік, жылдың соңына дейін оған, мінекей, Қазанимацияның жұмысына 500 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, фильмнің мәселесі бар және креативті индустрия орталықтарын құру бар. Өнім ұсынатын адам, орталық өздері де талаптануы керек, өздері де алға жылжуы керек. Үлкен әлемдік креативті индустрияның дастарқанынан қазақтың да ойы болатын орны болуы керек.
Қазақстан алдағы 2 жылда жаһандық нарыққа 200 млн доллардың өнімін шығаруы тиіс деген меже қойылып отыр. Осылайша, 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Өйткені креативті индустрия шикізаттық емес тиімді табыс көзіне айналғалы қашан. Оған қоса технология мен өнерден кенде емес еліміздің өз үнін қосуға толық шамасы бар.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Әнуар Әбдірахманов.