Мемлекетке 220 мың га жер қайтарылды
Солтүстік Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 220 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір бұл мәселе аграрлы аймақта өткір тұр. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары прокурорлармен бірлесіп, 40-қа жуық тексеріс жүргізіп, 28 заңбұзушылық анықтады. Бұдан бөлек, жұмысына жауапсыз қараған шаруаларға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен телімдер де бар. Олар бойынша тиісті материалдар жинақталып, сотқа жіберілді.
Бақытжан Бекіш, Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:
- Қазір сотта 44 талап арыз қаралып жатыр. Себебі жерді жалға алған азаматтар оны өз еркімен қайтарғысы жоқ. Жыл соңына дейін біз игерілмей жатқан 330 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Кейін бұл учаскелердің бір бөлігі ауыл тұрғындарына жайылымдық жер ретінде беріледі.