«Өскемен-Талдықорған» тасжолының 131 шақырымы уақытша ашылды
«Өскемен-Талдықорған» республикалық тасжолының 131 шақырымы уақытша ашылды.
Асфальт төселген жолмен көліктер жазға дейін еркін жүре алады. Жер кепкен соң құрылыс қайта жалғасады.
Жол саласы мамандардың айтуынша, Аягөз бен Үшаралдың арасын жалғайтын күре жол жолаушылар қыста кедергісіз қатынауы үшін уақытша ашылған. Өйткені, асфальт төсеу жұмысы толық аяқталмаған.
Айдын Ескенов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Абай облыстық филиалының директоры:
- Қыс уақытында, көктем уақытында жүріс асфальтпен болады. Келесі жылы жоспар, асфальт салатын соңғы қабат бар. Қазір бүкіл мердігерлер, барлықтарымыз материалды дайындап жатырмыз. Келесі жылға толығымен дайындалып, келесі жылы соңғы қабатын салсақ. Уже обьектілердің барлығы тапсырылып, бітеді деген жоспар бізде.
Аталған жолды жөндеу 6 жыл бұрын басталды. Бюджеттен 161 миллиард теңге қаржы бөлінген. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары биыл 47 рет жолдың сапасын тексерәп, 454 сынама алған. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейді.
Дулат Асан, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" сарапшысы:
- Сол сынаманың барлығы өзіміздің зертханада сынақтан өтті. Оның 90 сынамасы нормативтік техникалық құжаттарға жауап бермейді. Біздің филиалдың инженерлерімен 21 ақау анықталды. 21 ақаудың екеуі мердігер мекемелермен жойылды. Қалған 19-ы бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Өңір тұрғындары талай жыл тағатсыздана күтіп жүрген жолдың бірі - «Омбы-Майқапшағай» халықаралық тас жолы. Құрылысы 2017 жылдан бері созылып кетті. Биыл небәрі 12 шақырымына асфальт төселді.
Айдын Ескенов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Абай облыстық филиалының директоры:
- Биылғысын тек дайындықта ғана болды. Техникаларын әкеп, ол жерде топырақ жұмыстары болды негізі. Құбыр, салу, көпірлер жұмыстары. Қазір жалғасып жатыр. Келесі жылы аяқтау жоспарда тұр. Негізгі жұмыстың көлемін есептейтін болсақ, оны енді қосымша біраз уақыт керек болады.
Өңірде аудандық және облыстық маңыздағы 4 жарым мың шақырым жол бар. Соның 2 мың шақырымнан астамы жөндеуді қажет етеді. Биыл аймақтағы 235 шақырым жолға асфальт төселді. Бұған 10 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы