Түркістан облысында 220 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтылды

Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 188 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Одан бөлек, түрлі әлеуметтік санатқа жататын 31 мыңнан астам балаға да бір реттік ыстық тамақ беріледі.

Бұл Түркістандағы №28 мектеп-лицейінің асханасы. 300 орынға шақталған. Балалардың ас ішетін уақыты жақындап қалғандықтан аспаздар дастарханын дайындап, тамағын әзірлеп жатыр. Ас мәзірінде тәтті компот, бал қосылған сүт, жеміс-жидек, тіпті дәруменге толы салаттар бар.

Жаһангер Оразыметов, асхана меңгерушісі:

- Мысалы бізде тамақ түрлері; тауық етімен, сиыр етімен, сосын гречка, перловка, макарон, көкөністерден алма беріліп жатыр. Бес күнге 5 түрлі көкөніс қоямыз. Бес түрлі салат, тамақтарымызды да бес түрлі жасаймыз. Үкіметтің бекітіп берген мәзірі бойынша жұмыс істейміз.

Бұл мектепте 923 бала ыстық тамақпен қамтылған. Оның 876-сы 1-4 сынып оқушылары болса, қалғаны көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері. Мектеп басшылығы тамақтың сапасы мен қауіпсіздігіне баса мән беретінін айтады.

Замира Қалымбетова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- «Ас – адамның арқауы» дейді ғой, тамақты өте мұқият, қауіпсіз болғандықтан бөгде адамдарды мүлде мектепке кіргізбейміз. QR код қойып қоямыз, кезкелген ата-ана барады да ашып, ононимді ол жерде олардың аты-жөні, сыныбы баланың білінбейді. Сол бойынша тамақтарға өздерінің бағасын беріп жатады.

Жалпы облыста мыңнан аса мектеп болса, онда 220 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтылған. Асханасы жоқ 110 мектепте қосымша бөлмелер қарастырылып, ыстық тамақ ішуге жағдай жасалды. Сонымен бірге 51 мектепке модульдік асхана салынды. Балаларды тамақпен қамтуға облыс бюджетінен 6 млрд-тан астам теңге бөлінді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш