Жалған ақпарат жарға жығады
Әуежай әзілдейтін жер емес. Мәселен, Астана әуежайындағы тексеріс кезінде үш жолаушы сөмкесінде бомба барын айтып, қалжыңдаған.
Мұндай жағдайда әуежай қызметкерлері ережеге сәйкес тиісті органдарға хабарлап, жолаушыларды бастан-аяқ тексеруге міндетті. Күштік құрылымдар тартылып, жолаушылар жолынан қалады. Жыл басынан бері Бас көлік прокуратурасына 52 хабарлама түскен.
Дәулет Аймағамбетов, Бас көлік прокуратурасы қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры:
- Азаматтардың ойланбаған әрекеттерінің салдарынан көлік инфрақұрылымы қызметін тоқтатады. Төтенше жағдайларға көмек көрсетуге арналған құқық қорғау органдары мен қызметтерінің күштерін алаңдатады. Сондай-ақ, көлік қызметін тоқтатуға байланысты экономикалық залалға әкеліп соғады. Бас көлік прокуратурасы қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ең жоғары жаза 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі көзделгенін түсіндіреді.