Атырауда дәрігерлердің үй алуы жеңілдейді
Бұдан былай атыраулық дәрігерлер төмен пайызбен бастапқы жарнасыз үйлі бола алады.
Жақында облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Медицина саласындағы маман тапшылығын жоюға арналған жоба алғаш рет Атырау облысында жүзеге асты.
Жаңа бағдарлама бойынша хирург, анестезиолог, реаниматолог секілді сұранысқа ие мамандар үйлі бола алады. Дәрігерлерге бастапқы жарнасыз жеңілдетілген заем беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті әкімдік 1 млрд теңге бөліп отыр.
Нұржан Мұғалімов, "Отбасы банк" АҚ ОФ директоры:
- Бұл келісімшартқа кеше қарашаның 30-ында қол қойылды. Бұл жоба Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп жасалған жоба. Ең бастысы – төмен пайыз, 5 пайызбен беріледі сосын бастапқы жарнасыз. Тізімді құрғаннан кейін белгілі үміткерлерге жолдама беріледі. Сол жолдамемен біз қабылдаймыз. Сосын төлем қабілетіне қарай несиелендіреміз.
Медицина қызметкерлері 5 пайызбен немесе жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2 пайызбен жеңілдтеліген несие алып баспаналы бола алады. Қатысушылар тізімін облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасайды. Кейін үміткерлер балдық жүйемен анықталады. Соның ішінде гинекология, анестезиология, реаниматология, травматология, ортопедия бөлімдеріндегі тәжірибелі мамандарға жоғары ұпай беріледі.
Қайсар Әбдіәлиев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бұл өз деңгейінде өңіріміздегі кадр тапшылығын төмендетуге өзінің көмегін тигізеді. Басқа өңірден мамандар шақыруға қызығушылық тудыратын бағдарлама болады деп есептейміз. Құжаттар желтоқсан айының бірінші декадасынан бастап құжаттар қабылданып басталады. Ол туралы әлеуметтік желіге қосымша жариялаймыз.
Жаңа жоба аясында кемі 40-қа жуық дәрігерге баспана беріледі. Үйдің бағасы 25 млн теңгеден қымбат болмауы тиіс. Сонымен қатар үйлі болған маман жұмыс берушімен 5 жылға дейін келісімшарт жасасып, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі міндет.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов