Костенкодағы жарылыс: 7 адам жауапқа тартылды

Қарағанды облысы Костенко шахтасында болған жарылысқа қатысты 7 адам қылмыстық жауапқа тартылды.

Оларға тау-кен жұмыстарын жүргізуде техникалық қауіпсіздікті бұзды деген айып тағылып отыр. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Жауапқа тартылғандардың қатарында шахтаның жетекшілері мен, техник- инженерлері бар. Сотқа дейінгі тергеуден мәлім болғандай, бірінші жарылыс көмір өндіретін аумақта болды. Арнайы қырғыш конвейердің жұмысы кезінде тұтанған ұшқын көмір қабатынан бөлінген метан қоспасымен әрекетке түсіп, лап еткен. Ізінше жарылыстан шахтадағы көмір шаңы тұтанып, соңы тағы бірнеше жарылысқа ұласты.

Еске сала кетейік, 46 кеншінің өмірін жалмаған қайғылы оқиғаны тергеу үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылған еді. Сотқа дейінгі тергеу амалдарына, Бас прокуратураның арнайы прокурорлары, Ішкі істер министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары тартылды.