Қазақ ғалымдары саха тілін зерттеп жатыр

Қазақ түркологтары ежелгі түрік тілінің табиғатын тану үшін Сібір түркілерін терең зерттеп жатыр.

Еуразия кеңістігін толық қамтыған түрік әлемінің бір бөлігі сахалармен лингвистика саласында қарым-қатынастарды нығайту қажет», – дейді ғалымдар.

Талдықорғанан келген Марат Рысқұлов осыдан үш жыл бұрын Якутсктегі Сібір-Шығыс федералды университетін түркология мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің докторанты ретінде Саха республикасында тағылымдамадан өтіп жатыр. «Сібір түркілері ішінде cаха халқының тілі қазақ тіліне өте жақын. Тарихы мен этнографиясынан аларымыз көп», – дейді ғалым.

Марат Рысқұлов, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ докторанты:

-Саха тілі – жалпы түркі тілінің түпкі тамырын үзбей, бұзбай келе жатқан тілдің бірі. Сондықтан ол зерттелу керек. Екі еліміздің арасындағы тіл жанындағы байланысымыз дамыса, әл-Фараби атындағы университетте саха тілінің кафедрасын  ашсақ  па деген арманымыз да бар. Өйткені ол жақта саха тілін оқимын, үйренемін деген жас та көп.

Қазақстандық мамандар саха тілін үйренуге қызығушылық танытса, Якутияда тұратын қандастарымыз қазақ тілін ұмытпауға тырысады. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын Алтайдан Якутия қоныс аударған Гүлнәр Садықова сахадағы қазақтардың басын қосып, салт-дәстүрді сақтап, жастарға ана тілін үйрету үшін барын салып жүр.

Гүлнәр Садықова, Якутск тұрғыны:

-Қазақстаннан, елімізден қазақтар келіп жатқанына разымыз. Ал осы жақта біз өзіміздің қазағымыздың еліміз, жеріміз деп ұмытпай, балаларымызға қазақша үйретеміз. Бірақ соның өзі жеткіліксіз. Қазақстаннан көбірек адам келіп, біздің балаларымызға оқытып, онлайн да оқытса дейміз.

Биыл ғана халық саны 1 миллионға жеткен елде бүгін де 1 мыңнан астам қазақ өмір сүреді. Қандастарымыздың саны аз болса да, Якутиядағы қазақ қоғамдық ұйымы отыз жылда бір күнге де жұмысын тоқтатқан емес. 

Авторлар: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров