Каспий құбыр консорциумы «Парыз» сыйлығына ие болды
Атыраудағы Каспий құбыр консорциумы «Парыз» сыйлығына ие болды. Компания қайырымдылық шараларына жүйелі түрде атсалысып отырады.
Өңірде өз қаражаты есебінен балабақша мен мектептер салып берген. Сондықтан биыл "әлеуметтік жауапты кәсіпорындардың" арасында үздік атанды.
Елдегі ең ірі мұнай тасымалдаушы компаниялардың бірі, әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударады. Каспий құбыр консорциумының жыл сайын қайырымдылыққа бағыттайтын қаражат сомасы 1 жарым миллиард теңгеге жуықтайды. Әсіресе өскелең ұрпақтың білімі мен талантын ашуға бағытталған жобаларды қолдайды.
Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:
- Біздің бағдарламамыз көп. Ең алдымен оқушылардың сапалы білім алғанын қалаймыз. Мәселен Атыраудағы жаңа ауданда 900 орындық мектептің құрылысын бастап кеттік. Бұған дейін Отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен Жастар үйінің негізін қаладық. Сол үшін болар, осындай марапатқа ие болып жатырмыз.
Компания денсаулық сақтау саласын да назардан тыс қалдырмайды. Ауруханаларға медициналық құрал-жабдықтар сатып алып, автокөліктерді жаңартуға көмек беріп отырады.
2001 жылдан бері қайырымдылық жобаларына 12 миллиард теңгеден астам қаражат аударған.
Альфия Төлеғариева, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- КТК компаниясы Атырау облысындағы көптеген әлеуметтік маңызы бар шараларға қатысады. КТК компаниясының Атырау облысы өңіріне үлесі өте зор. Бұл компания «Алтын парыз» номинациясына лайықты.
«Парыз» сыйлығынан бөлек Каспий құбыр консорциумы,, бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Марапатты компанияның бас директорына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова табыстады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков