Алматыда Oxford Qazaq Dictionary сөздігі таныстырылды
Елімізде тұңғыш рет жарық көріп отырған қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліндегі Oxford сөздігінде 60 мыңға жуық сөз қамтылған.
Оны мемлекет басшысының тапсырмасымен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы дайындады. Осы еңбектің негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік береді. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары атсалысты. Оған қоса, қазақ және ағылшын тілінің лексикасына машықтанған 50-ден аса ғалым қатысты. Аударма құралын әзірлеуде Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Қазіргі таралымы 10 мың дана.
Рауан Кенжеханұлы, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті:
- Оксфорд университеті баспасының сөздік құрастырудағы ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін ескере отырып сол сөздіктердегі реестрді, этимологияны қолдана отырып жасалды. Оксфорд университетінің мамандары да атсалысты. Оксфорд тарапынан да өзіміздің Тіл білімі институты тарапынан ескертулер, комментарийлер келіп отырды. Біз кейде соларды келісіп қабылдадық, кейде өз пікірімізді қорғадық. Осындай ықпалдастықтың арқасында менің ойымша мақтануға тұрарлық үлкен еңбек жасалды.