БҚО-дағы Жайық ауылында жаңа мектеп ашылды
Ал Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін 17 мектеп тапсырылуы тиіс.
Бүгін соның жетіншісі пайдалануға берілді. Жайық ауылында бой көтерген жаңа білім ордасы 108 оқушыға арналған. Қажетті пән кабинеттерімен толық жабдықталған. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп болғандықтан, оқушылар көрші ауылдарға қатынап жүрген.
Бәйтерек ауданына қарасты Жайық ауылы Оралға тиіп тұр. Алайда шам жарығы түбіне түспейтіні рас. 500-дей тұрғыны бар ауылда бұрын тек бастауыш мектеп болды. Төртінші класты бітіргендер көрші ауылдарға қатынап оқитын.
Айзере Сайлау, оқушы:
- Бұрында біз кішкентай мектепте бастауышта оқыдық. Ең қиыны сол бастауышты оқып келіп, басқа мектепке ауысу болды. Енді міне, өзіміздің ауылымызда өзіміздің мектеп ашылғанына қуаныштымыз.
Бүгіннен бастап Жайық бастауыш мектебі орта мектепке айналды. 108 орындық білім ордасында 14 оқу кабинеті, екі шеберхана, спортзал, кітапхана, акт залы, асхана бар. Бір сөзбен айтқанда, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Тазагүл Кенжебаева, Жайық ауылының тұрғыны:
- Бірі Трекинге, бірі қалаға, бірі Желаевқа қатынап оқыды. Міне, біздің ауылымызға 40 жыл толды. 40 жылдан бері мектебіміз кішкентай 5 жылдық болды. Міне биыл әдемі мектеп салып берген басшыларымызға алғысымыз шексіз.
Жайық мектебі КПО компаниясының қаржысына бой көтерді. Шетелдік инвесторлар есебінен өңірде биыл 15 шағын жинақты мектеп салынбақ. Оның 4-і Бәйтерек ауданында.
Серік Сафиуллин Бәйтерек, аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Енді Садовая ауылында және Өркен ауылында тағы екі мектеп салынып жатыр. Әрине бұл мектептердің қажеттілігі зор. Алдағы жылда Даринск округіне жататын Зеленое ауылында 108 орындық мектеп салынбақ.
Одан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Бәйтерек ауданындағы Трекин ауылында 600, Достық ауылында 1200 орындық мектептің құрылысы басталды. Келер жылы Володарка ауылында да салынады. Қала іргесіндегі ауданда халық саны өсіп келе жатқандықтан, әлеуметтік инфрақұрылымды жеделдетуге де көңіл бөлініп келеді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов