Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды
Бизнес, ғылым, мәдениет, медиа және ақпараттық технологиялар саласындағы үздік 30 жобаның авторына 3 миллион теңгеден грант берілді.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы тағайындалған. Мұндағы мақсат жастардың идеясын қолдау. Содан бері 63 азамат өз жобасын Қазақстанда әрі шетелдерде табысты жүзеге асырып келеді. Биыл байқауға 5 бағыт бойынша үш мыңнан аса өтінім түскен. Оның қатарында еліміздің мәдени мұрасын насихаттау, IT саласында ғылыми зерттеу жүргізу, стартаптар, экономиканың негізгі секторларында креативті идеяларды іске асыру бойынша жобалар бар. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «бүгін берілген грант талант пен табанды еңбектің сыйы» деді.
Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Президент оқуға, жаңа білімді игеруге, Отан үшін қажырлы еңбек етуге ұмтылған жастарды қолдап, оларды айрықша құрметтейді. Елдің болашағы дәстүрлі менталитет пен өмір салтын бұзатын барлық жағдайға иммунитеті бар, теріс тенденцияға бой алдырмайтын, парасатты жастардың қолында екенін үнемі айтады. Бұл діни фанатизмнен бастап, елімізге келген әртістердің алдында ерсі қылық көрсетпеуге дейінгі прогрессивті жастар туралы айтылған ой. Біз еңбекқор, білімді, тәртіпті, адамдық қадір-қасиеттің мәнін терең түсінетін, ата-баба дәстүрін қастерлейтін жас буынға үміт артамыз.