Шәкіртінің шырағын жаққан ұстаз
Түркістан облысының Келес ауданында Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған оқушыларының бәрі грант иегері атанған білікті ұстаз тұрады.
Рақымжан Исмайылов Оразата ауылындағы мектепте химия пәнінен сабақ береді.
Білікті ұстаз бұл мектепте 23 жылдан бері еңбек етеді. Шәкірттері химия пәнін асыға күтеді. Себебі Рақымжан Исмайылов сабақты жаңартылған білім беру мазмұнына сай жаңа әдіс-тәсілдермен өтеді. Оқушылардың қызығушылығын арттырып, білімге деген құштарлығын оятады.
Жаннат Сайранова, оқушы:
- Рақымжан ағай бізге әр күн сайын түрлі методикамен сабақты оңай әрі тез түсінуге мүмкіндік береді. Суреттер арқылы көрсетеді. Тестпен жұмыс болады. Ең төмен деңгейдегі оқушының өзін сабаққа ынталандыру үшін түрлі тәсілдерді ойлап табады.
Рақымжан Исмайыловтың шәкірттері аудандық, облыстық, тіпті республикалық олимпиадаларда да топ жарған. Соңғы 10 жылда 4 мыңға жуық мемлекеттік грант иегерін дайындап шығарды.
Рақымжан Исмайылов, химия пәнінің мұғалімі:
- Алғашқы кезде біз тек қана ұлттық тестілеу орталығынан берілген тапсырмаларымен жұмыс істейтін едік. Соңғы кезде мен өзім тест құрастырып жатырмын оқулық бойынша. Сонымен жұмыс істеген кезде оқушылардың жетістіктері өте жоғары. Себебі оқулық толық қамтылғандықтан оқушылар жақсы жетістіктер көрсетуде.
Заманауи мұғалім өз ортасына сыйлы. Әріптестері де білікті ұстаздың еңбегін жоғары бағалайды. Рақымжанды мақтамайды, керісінше онымен мақтанады.
Гүлзада Төлепбергенова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Оның өзінің «ҰБТ-ға дайындық», «Химия пәнінен тесттер жинағы» деген әдістемелік құралдары шығып, облыс, аудан көлемінде осы кітаптар таратылып жатыр.
Әріптестерінің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін оқушылар Рақымжанды көрші аудандардан арнайы іздеп келеді. Ал Рақымжанның өзі «баптаған шәкірттерім биік белестерді бағындырып жатса, ұстаз бақыты деген сол» дейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш