БҚО-дағы қос ауданда энергоблок салынады
Батыс Қазақстан облысының тәуелсіздік жылдарындағы басты табысының бірі – энерготәуелсіздікке қол жеткізуі.
Егер 2000 жылдардың басында аймақ қажетті қуаттың 95%-ін Ресейден импорттаса, қазір электр энергиясының 98%-і өңірдің өзінде өндіріледі, тек шалғайдағы Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандары ғана токты сырттан сатып алады.
Көршіге кіріптарлықтан құтылу мақсатында келер жылы қос ауданға газопоршенді қондырғы орнату, ал газ жетіспеушілігін жою үшін өңірде газ өңдеу зауытын салу көзделген.
Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандары облыстың энергожелісінен оқшау жатыр. Сол себепті қажетті қуатты шекараның ар жағынан алады. Кісідегінің кілті аспанда, импорттық қуаттың бағасы әлдеқайда қымбат, әрі тозығы жеткен желілердің салдарынан жиі іркіліс болады. Содан да шығар, түрлі деңгейдегі жиындарда бұл мәселе жиі көтеріледі.
Айнұр Мұратова, Бөкей Ордасы ауданының тұрғыны:
- Бағандары тозығы жеткен. Енді мына электр желілерінде жаңағы үнемі жарық өшіп тұрады. Енді 2-3 күндеп жарық болмайтын кездер болады.
Бұл мәселені билік басындағылар да жақсы біледі. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты қос ауданды отандық электр қуатымен қамту жайы қазір күн тәртібінде тұр. Мамандардың мәлімдеуінше, оған жетудің 2 жолы бар. Бірі – Жаңақала немесе Казталовкадан 220 шақырымға 110 киловольттік жоғары қысымды желі тарту, бірі – аталған аудандарға газопоршендік қондырғы орнату. Алғашқысына 7, кейінгісіне 3 миллиард теңге керек екен. Таңдау соңғысына түсіпті.
Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, Бөкей Ордасы немесе Жәнібек ауданында газопоршендік қондырғыны қондыру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Енді бірнеше 2 инвестициялық ұсыныс бар. Жаңа айтқандай, 2 ауданның максималды қуаты жаратып отырған – 5-6 мегаватт. 380 мегаваттың 5-6 мегаватын Ресейден алып отырмыз.
Егер 2000 жылдардың басында Орал өңірі қажетті қуаттың 95% көрші елден алса, қазір энергияның 98,5% өзімізде өндіріледі. Соңғы 20 жылда Қарашығанақта бірнеше энергоблок салынды, Орал қуат орталығында 29 мегаваттық генератор іске қосылды, 54 мегаваттық Орал газотурбиналық электр стансасы, Белес ауылында 100 мегаваттық ГТЭС пайдалануға берілді. Тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, келешекте ішкі генерацияны арттыру жоспарланған.
Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- «Батыспауэр» 100 мегаватт қуаттылығы бар. Оны 200-ге көтеру, УГТС-ке тағы бір турбина қою, осындай іс-шаралар жоспарымыз бар. Бірақ газ жетіспеуі байқалады. Сәйкесінше газ сұрағын шешу бойынша Үкіметтің тапсырмасымен Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, Қарашығанақ кен орнында жаңадан газ өңдеу зауытын салу жоспарлануда. 4 млрд текше метр газға жылына. Сәйкесінше газ зауыты іске қосылғасын, осы аталған мәселелерді шешу жолдарын іздестіретін боламыз.
Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысы келер жылы басталып, 2028-де аяқталмақ. Осы арқылы өңірдің энерготәуелсіздігі де нығаяры сөзсіз.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, э. Аюпов.