Алматыда Президенттің жаңажылдық шыршасы өтті
Бүгін алматылық оқушылардың көңілі қуанышқа, құшағы сыйлыққа толды.
Алматыда Президенттің жаңажылдық шыршасы өтті. Дәстүрлі шараға 300-ден астам оқушы қатысты. Балдырғандарды ертегі кейіпкерлері құттықтап, Аяз ата мен Ақшақар, Президент атынан бағалы сыйлықтар үлестірді.
Жаңажылдық мерекеге келген оқушылардың образы мен көңіл-күйі керемет. Шыршаның жанына топтасқан балалар танымал әншілердің қатысуымен өткен шоу бағдарламаны тамашалады. Бүгінгі думанға жиналған оқушылардың дені болашағын ғылым-біліммен байланыстырады.
Аймира Тоқсанова, №90 мектеп-лицейінің оқушысы:
- Бастау олимпиадасынан аудандық, қалалық және райондықтан орын алдым. Сыныпта сабақ оқып, Алтын сақаға қатыстым.
Ерасыл Жолан, №39 лицей оқушысы:
- Физикадан 2-орын алдым. Бұл жетістігім мен үшін үлкен жетістік. Себебі мен осы жетістік үшін көп дайындалдым. Физика пәнін көп оқып, дайындалып екінші орынға ие болдым.
Шыршаға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасылардың балалары да қатысты. Спортта топ жарып, өнер жарыстарында жеңіске жеткен өрендер де мерекенің ортасынан табылды. Қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, алматылық оқушылардың нәтижесі жақсы.
Гүлнұр Кәрімғажы, қалалық білім басқармасы "Алматы дарыны" орталығының директоры:
- Қаламыздың құрама командасы Үздік олимпиадалық команда аталды республикамыздың жалпы білім беретін пәндер бойынша, қорытынды бойынша. Сонымен қатар ғылыми жоба бағытында да үздік гран-при жеңіп алды Алматының құрама командасы.
Балалар Аяз ата мен Ақшақардың алдында да өнерлерін аянып қалған жоқ. Шыршаны айнала билеп, ойын ойнады, ән салды. Мереке соңында барлық балалар Қазақстан Президенті атынан жаңажылдық сыйлықтар алды.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев