12 жастағы павлодарлық оқушының арманы орындалды

Жаңа жыл қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев павлодарлық Әмір Багауитдиновтың арманын орындады, деп хабарлайды 24KZ.

12 жасар оқушы Мемлекет басшысына хат жолдап, мерекеде велосипед алғысы келетінін айтыпты. Әмір арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау орталығында оқиды. Ұстаздарының айтуынша, өте тәртіпті, ұқыпты бала. Оқу үлгерімі жақсы әрі спортқа бейім. Болашақта әскери қызметкер болғысы келеді. Келесі жылы Кадет әскери мектеп-интернатына түсуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бүгінде әлеуметтік орталықта 59 бала тәрбиеленіп отыр. Жаңа жыл қарсаңында оларға демеушілер атынан сыйлықтар табысталады.

Әмір Багауитдинов, оқушы:

- Сыныптастарымның барлығы Аяз атаға хат жазды. Ал мен Президентке хат жолдадым. Арманым орындалып отыр, сенер емеспін. Қазір 6-сыныпта оқимын, келесі жылы Павлодардағы Кадет мектебіне түскім келеді. Ол үшін мықты болуым керек қой. Велосипедпен бокс секциясына барып отырамын.

Жанар Тәджікова, арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балаларды қолдау орталығының жетекшісі:

- Жаңа жыл қарсаңында балаларымыз ғажайыптарға сенеді. Біз демеушілеріміздің көмегімен жеткіншектеріздің армандарын орындауға тырысамыз. Олар жыл сайын дәстүрлі түрде хат жазады. Біз әр мерекені ерекше етіп өткізуге тырысамыз. Бұл ғажайып сәттер балалардың есінде сақталуы керек.