Таразда ескі лифтілер жаңартылады

Тараздағы көпқабатты үйлердің жеделсатыларын шұғыл ауыстыру қажет.

Себебі шаһарда бар 58 лифтінің 27-сі әбден тозған. Ескі жабдық жиі істен шығады. Тиісті техникалық қызмет те кемшін.

Сол себепті әкімдік мәселені өз қолына алған. Қазірдің өзінде 6 жедел саты ауыстырылып жатыр.

Александр Рудчук 27 жылдан бері қала ортасында орналасқан мына 9 қабатты үйде тұрады. Айтуынша, баспана салынғалы мұндағы лифт екінші рет енді жаңарып тұр. Бұған дейінгі жедел сатының тоз-тозы шыққаны өз алдына, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. «Соңғы бірнеше жылда жиі істен шығып, кабинасында адам қалып қойған кездер болды», - дейді тұрғын.

Александр Рудчук, Тараз қаласының тұрғыны:

- Бұрынғы лифт жаңасына қарағанда өте шулы болатын. Әрі соңғы уақыттарда жиі бұзылатын болды. 1 ай жұмыс істемей тұрған кездері бар. Бірде қабаттар арасында кептеліп қалғанда ішінде қалған көршілер 2 сағатқа дейін шыға алмай отырған.

Жалпы Тараздағы көппәтерлі тұрғын үйлерде 58 лифт бар. Бүгінде олардың жартысына жуығы тозып тұр. Әкімдік мәселені ішінара шешу үшін қазынадан 88 миллион теңге бөлді.

Дмитрий Комаров, мердігер компания директоры:

- Біз қазір 4 үйге жеделсаты орнаттық. Тағы 2 үйде демонтаждау жұмыстарын жүрігізіп жатырмыз. Бұрын лифтілерде 7 киловаттық қозғалтқыш тұрса, қазір 3,5 киловаттық жетілдірілген түрін қойдық. Соған қарамастан 450 келіге дейін салмақты еркін көтереді. Біз орнатқан лифтілерге 1 жыл кепілдік береміз.

Сұлтанмахмұт Өтешов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Заманауи таблосы бар. Бұрынғы лифтілерде ондай болған жоқ. Сонымен қатар бұл лифтілерде, мысалы, тростары үзіліп кетсе, лифт тезірек өзінің құрылғылары бар арнайы. Лифт тез тоқтатылады. Бірден датчикпен хабарлама беріледі. Бұл лифтілерде өзінің ішінде телефондары орнатылған. Адамдар қалып қалса, өздері батырмасын басса, бірден операторға түседі де, тез 20 минуттың аралығында көмек келеді.

2023 жылы облыс орталығындағы тозығы жеткен 27 лифтінің 6-ы жаңарды. Жауаптылардың сөзінше, бір құрылғының құны шамамен 15 миллион теңге тұрады. Мәселені шешу үшін әкімдік өкілдері 3 жылдық жоба жасады. Жоспар бойынша 2024 жылы 10 лифт ауысса, 2025-те 11 жеделсаты жаңартылады.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.