Құмар ойынға құныққандарды қалай құтқарамыз?

Тоғыз ай лудоманиядан емделген спортшы Даниил Апальков қазір елордалық «Барыс» хоккей клубының сапында өнер көрсетеді.

Кәсіпқой ойыншы осыдан бірер жыл бұрын өз мансабында тапқан ақшасын онлайн казинода ұттырған болатын. Спортшы қарызға белшеден батып, берешегінен әрең құтылыпты. Бұл тәуелділіктен арылған адамның сәтті мысалы. Ал құмар ойынға құнығып, оңай ақша табамын деп жүргендер елде жетерлік. Салдарынан туған-туысқандарымен жанжалдасады, тіпті отбасынан да айырылып қалып жатады екен. Тығырықтан шығар жол қандай?

Елде жұп болып қосылғандар көп ұзамай ажырасып жатыр. 1 жыл бұрын Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлем елдері ішінде 16-орыннан көрінген болатын. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында 90 мыңнан астам жас жұбайлар некесін қидырса, соның 12,5 мыңға жуығы ажырасып кеткен.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Ажырасудың басты себебі маскүнемдік пен нашақорлық. Екінші орында құмар ойынға тәуелділік, ал үшіншіде тұрмыстық зорлық-зомбылық тұр.

Осы құмар ойынға тәуелділік Досжанның да отбасының шырқын бұзған. Қазір тиісті орталықта ем алуда.

Досжан:

- Отбасым бар. Бір балам бар. Бірақ осы құмар ойынның арқасында отбасымнан айырылып қалғам.

Досжан 13 жыл бойы бәс тігіп келген. Айтуынша, осы аралықта 40 млн теңгедей ақшасынан қағылған. Тотализаторларға да құртатын қаржыны түрлі жолмен тапқан. Тіпті туған-туыстарынан да ақша ұрлаған екен.

Досжан:

- Ставкаға ақшаны жұмыс істедім, айлық бәрі ставкаға кетеді. Кейіннен ақша таппаған кезде қарыз аласың. Қарыздың үстіне қарыз. Амал таппағаннан кейін үйден ұрлай бастадым. Үйдегілерден ақша алып. В основном сол алаяқтық жолмен ғой.

- Ұлымның туған күніне барып, қайтадан осы қалаға қайтып келдім. Сосын ойландым, ертең ұлым әкем қайда деп сұрайтын болса, сенің әкең игроман немесе алаяқ дейтін болса қалай болады деп.

Досжанның қалыпты өмірге қайта оралуы үшін ем қабылдап жатқанына 5 айға жуықтады. Қазір бұл орталықта лудоманияға шалдыққан 150 адам оңалтудан өтіп жатыр. Ойын құмарлықтан арылуда арзан емес. Курс бағасы 2 млн теңге тұрады.

Аманжан Абдукәрімов, оңалту орталығының жетекшісі:

- Олар келгеннен кейін осы жерде, орталықта ақпарат береміз. Тәуелділік деген не? Ол қай жерден басталады және қай жерде тоқтайды? Тек қана тәуелділік туралы айта бермейміз. Оның ішінде спорты бар, оның ішінде отбасылық психология бар. Әкең кім, шешең кім? Өйткені бізде қазақтарда құндылықтармен жұмыс жасау керек. Отбасы деген не? Жанұя деген не? Туған жер деген не? Осыған көп көңіл бөлеміз.

Досжан:

- Элементарный нәрселерге мән бермейтінмін. Мысалы анама сені жақсы көремін деп соңғы рет қашан айтқанымды да білмеймін. Анама соңғы рет қашан сыйлық сыйлағанымды білмеймін. Соның барлығы осында психологтармен жұмыс істеудің арқасында, осы орталықтың консультанттары бар солармен түрлі занятиялардың арқасында біраз нәрсені түсінесің.

Сандарды сөйлетсек төбе шаш тік тұрады. Бүгінде Қазақстанда лудоманияға шалдыққандардың қатары 350 мыңнан асқан. Белең алған індетпен күресу үшін ел үкіметі букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салмақ. Жас деңгейіне қатысты да өзгеріс болуы мүмкін. Ойын ойнауға рұқсат беру 25 жасқа дейін ұзартылады. Бұдан бөлек алимент төлемей жалтарып жүргендер мен банктік несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғаларға ойнауға тыйым салу қарастырылған.

Риат Шони, Абдулхамит Бөлекбаев