Өзбекстанда тарихы терең қазақтілді газет бар
Өзбекстанда 30 жылдан астам уақыт үздіксіз шығып келе жатқан қазақтілді газет бар, деп хабарлайды 24KZ.
Әуелде атауы «Достық туы» болған еді. Кейін «Нұрлы жол» деп өзгерген. Шығармашылық ұжым елдің саяси өмірін де, әлеуметтің жайын да қаузайды. Сондағы қазақтың тыныс-тіршілігі де назарда. Өзбекстан тәуелсіздігімен түйдей құрдас басылым өкілдерімен Ташкенттегі тілшіміз Рауан Мыңбаев кездесіп қайтты.
«Нұрлы жол» газетінің алғашқы саны 1991 жылы жарыққа шыққан. Осы күні таралымы 5 мыңнан асып отыр. 2012 жылы бұдан екі есе аз еді. Жергілікті Низами университетінің түлегі Рүстем Төленов басылым тілшісі болып қызмет етеді. «Өзбекстан» телеарнасында «Дидар» бағдарламасын да әзірлейді. Сондықтан әмбебап журналист аталып кеткен.
Рүстем Төленов, «Нұрлы жол» газетінің тілшісі:
- Мұның артында үкіметтің қолдауы бар. Содан басқа, біздің шығармашылық топтың әлеуеті бар. Біліктілігі бар. Оның барлығын айтып өту керек. Орталықта ғана емес, өте алыста жасайтын қазақтар көп. Тарихтан белгілі. Бұхарада, Қызылқұм шөлінде және Тауелібай елінде.
Басылымның шығармашылық ұжымы негізінен қазақ тілі мен әдебиеті мамандарынан жасақталған. Алматыдағы Әл-Фараби университетін тәмамдаған бірқатар журналист бар. Таяуда басылым жаңа ғимаратқа көшті. Бас редактор Ғұламзәкір Жүсіповке оқырман қауымның ықыласы зор. Ол кейінгі 10 жылда газеттің қайта түлеуіне көп үлес қосты. Осы жолда талай шәкірт те тәрбиелеп шықты.
Ғұламзәкір Жүсіпов, «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы:
- 12 жыл кетіп жатыр жұмыс. Осы уақытта көп табысқа жеттік. Қазақстанмен байланыс жақсарды. «Отандастар» қоры бойынша көп материал шықты. Сосын сіздердегі діни басқармамен сұхбат шығардық. Кейін елшімен бір бет сұхбат шықты. Байланысымыз тығыз.
Газет ұжымы бір кездері Өзбекстандағы қазақ оқулықтарын дайындауға да атсалысқан. Әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндер сауатты аударылып, өскелең ұрпаққа ұсынылды.
Райхан Бабатаева, «Нұрлы жол» газеті бас редакторының орынбасары:
- Жастарымыз іссапарға барады. Қазақ ауылдарын аралайды. Оқушылардың пікірін алып келеді. Біз барған соң кездесу ұйымдастырылады. Олардың қызығуышылығын арттырады. Кейбірі өлеңдерін беріп жібереді. Соны жариялаймыз. Одан кейін мұғалімдеріміз пікірлерін жазады. Тәрбие сағаттарын өткізеді ғой енді.
Көршімізде қазақ мектептері те баршылық. Бірқатар оқу орны ана тілімізде білім береді. Демек қандастардың төл мәдениетін тануына жағдай жасалған. Оның үстіне «Нұрлы жол» газеті секілді «Замандас-Дидар» бағдарламасы жарық көреді. 60 жылдан бері ұлттық телеарнадан үзбей көрсетіліп келе жатқан бағдарлама өткен айда мерейтойын атап өтті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- «Нұрлы жол» бастапқыда 20 мың тиражбен шыққан. Ол кезде газетке сұраныс та, оқырман қауымның талабы да басқаша еді. Қазір – ақпараттық технология, заманауи интернет құралдарының дамыған кезеңі. Басылым басшылығы оны да ескеріп, газет мақалаларын түрлі ресурстарда жариялауға көшкен. Мұның бәрі көрші елдегі қазақ қоғамының көкірек көзін ашып, рухани болмысын байытуға сеп.
Авторы: Рауан Мыңбаев.