Қарағанды облысының тұрғындары бериллий өндірісіне қарсы

Қарағанды облысындағы Нұраталды ауылдық округінің тұрғындары іргеден ашылғалы отырған ашық карьер жұмысына қарсы, деп хабарлайды 24KZ.

Ауылдықтардың пікірінше, өндірілуі мүмкін кен денсаулыққа зиян және мал шаруашылығына кері әсер етеді. Бірақ жергілікті атқарушы орган инвестордың келуі қаңырап қалған ауылдың бойына қан жүгіртеді деген сенімде. Бұл ретте экологтардың пікірі қандай?

Мың жарымға жуық тұрғыны бар Нұраталды Қарағанды-Алматы жолының бойында орналасқан. Негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Ауыл іргесінде Кеңестік кезеңде сирек кездесетін химиялық элемент табылған. Кейін қаңырап қалып қойды. Жаңа инвестор сол жұмысты жандандырмақ. Бұған дейін 3 рет қоғамдық тыңдалым өткен. Бірақ тұрғындар бұл бастамаға қарсы.

Еркебұлан Құрмаш, Нұраталды ауылының тұрғыны:

- Ауылдың тура іргесінде тұр, 1 шақырым жерде. Ашық әдіспен өндірілмек, онда қаншама зиянды қалдық болады ауаға, радиация болады. Ол осында отырған халықтың, бала-шағаның денсаулығына зиян.

Батырхан Кәдірбек, Нұраталды ауылының тұрғыны:

- Малмен, шаруашылықпен айналысып келеміз ғой, бірінші кезекте мемлекеттен 6% кредит алып. Карьер болған соң мұнда шөп өспейді. Сосын жерасты жару жұмыстары жүргізілген соң, ол жерасты бұлақтарының көзі ауысып кетеді. Суға зар болып қалуымыз да мүмкін бұл жерде.

Білетіндер «мұнда бериллийдің 10 жылдық қоры бар» дейді. Бұл металл авиация және ракета жасауда, медициналық құрал, әсіресе рентген аппаратын жасауға аса қажет. Өндіріс периметрі ауылдан 1 шақырым қашықта тұр. Кәсіпорын өкілдері жақын тұрған 5-6 үйді көшіреміз деген. Бірақ сонда да ел ішінде үрей басым.

Мақсат Жумкин, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

- Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инвестор – өзіміздің отандық инвестор. Алынған өнім ішкі нарыққа кетеді. Ал енді бұның эффектісін айтсақ, бұл инвестициялық жоба болған соң, 4,3 млрд теңге құймақшы бұл азаматтар.

Инвестор ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселені реттеп беруге уәде берген. Соның ішінде жел соқса, сөніп қалатын электр жүйесін жаңғыртып бермек. Бұдан өзге 500-ге жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, оқытудан өткізуді көздейді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бериллий өзі әлемнің 3 мемлекетінде ғана өндіріледі. Ол: Канада, Қытай және Қазақстан. Осы бериллийдің шамадан тыс таралуынан адамдар бериллиоз деген өкпе ауруына шалдығуы мүмкін. Бірақ мамандар мұнда тек шикізат өндіріліп, қалған жұмыстары Үлбіде жалғасады деп отыр.

Себебі бериллий өндірісі Үлбі металлургиялық зауытында ұйымдастырылған. Сол себепті ауаға зиянды қалдық тарамайды деп сендіреді. Ал экологтар болса «тұрғындардың алаңдауы жөн» дейді. Себебі инвесторға о баста нақты талап қойып алған жөн. Кейін ол өз міндеттемесін орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылады.

Дархан Есжанов, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- Өнеркәсіп өз әрекетін 2026 жылдан бастап жұмыс істемек. Қазір ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ. Жаңа Экологиялық кодекс талаптары өте қатал. Егер оны бұзатын болса, бірінші айыппұл, екіншіден, нұсқама беріледі. Ал егер нұсқама орындалмаса, әрине, үшінші кезекте кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.

Қазіргі есеп бойынша бериллий өндірілетін аумақ 700 гектарға жуық. Ал жоба тек 2025-26 жылдары толық қуатта жұмыс істей бастайды. Аудан билігі ел ішінде түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасады деп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.