ШҚО-дағы көпір құлағалы тұр
Шығыс Қазақстандағы Шемонайха ауданында Үбі өзенінің үстімен өтетін көпір бірнеше жылдан бері құлағалы тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Қауіптің алдын алу үшін жергілікті билік көпірдің үстімен өтетін көлік нөпірін реттеуді ұйғарды. Сөйтіп, көліктер бір жолақ арқылы өтетін болды. Алайда бұл шектеу жолаушыларға қолайсыз. Өйткені гидроқұрылғы арқылы тәулігіне мыңға жуық транспорт қатынайды.
Үбінің үстімен өтетін бұл гидроқұрылғы – Шемонайха қаласына жеткізетін жалғыз автомобиль көпірі. Трансшекаралық маңызы да жоғары. Себебі осы аудан арқылы жұрт көршілес Ресейге де қатынайды. 60 жыл бұрын салынған көпір қазір апатты деп танылған. Оған түсетін салмақты азайту үшін соңғы жөндеу жұмыстарынан соң біржолақты қозғалыс енгізілді. Осылайша, ары-бері ағылған жолаушылар бағдаршамға бағынуға мәжбүр.
Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:
- Екі жақтан көлік жүрсе, біріншіден, жүру жолағы сәйкес келмейді, екіншіден, салмағы жоғары болған соң жүк көліктері көпірге қатты әсер етуі мүмкін. Көпір құрылысына, көпірдің қозғалмалы бөлшектеріне – барлығына қатты әсер етіп, көпірдің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Қауіптің алдын алып, біржақты қозғалыс енгізген жөн-ақ, - дейді тұрғындар. Алайда бұл асыққанда жолды бөгеп, тіпті жазда кәдімгідей кептеліс туындатады. Себебі аудан халқы ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстаннан Ресейге бағыт алған көліктер де осы жермен өтеді.
Павел Максимов, көлік жүргізуші:
- Біржолақты қозғалыс, әрине, жолаушылар үшін өте ыңғайсыз. Бостан бос уақыттан ұтыламыз. Жалпы бұл көпір әбден ескіріп тұр. Басқасын салса да болар еді. Ал әзірге жеделдетіп жөндеу керек деп ойлаймын.
Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселенің түйіні жақында ғана тарқатылды. Көпір аудан теңгерімінен облысқа өтті. «Әйтпесе, жергілікті жерде оны жөндей қоятын қаражат жоқ», - дейді мамандар.
Ерлан Уәлиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Жобалық-сметалық құжат жасалады биыл, жасалып болғаннан кейін мемлекетік сараптамаға алынады, биыл сараптаманы аламыз деген ойдамыз, келер жылдары оны жүзеге асу жұмыстары іске асады.
Қайта жаңғыртуға шамамен 10 миллиард теңге қажет. Сала басшыларының айтуынша, аудан жұрты асыға күтіп жүрген бұл шаруа алдағы 1-2 жыл ішінде шешімін табуы мүмкін.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.