Ақмола облысында 40-қа жуық медициналық мекеме салынады

Ақмола облысының Степняк қаласында жобалық құны 6 миллиард теңге болатын жаңа аурухана салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Нысан жанынан емхана да бой көтермек. Емдеу мекемесі жыл соңында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, аймақта тағы 40-қа жуық медициналық мекеме салынбақ.

Степняк қаласындағы емдеу мекемесі әбден ескірген. Бір ғасыр бұрын салынған нысанның қазіргі жағдайы сын көтермейді. Қабырғалары қопсып, жаңбыр жауса, төбесінен су сорғалайды. Енді емделушілер мен дәрігерлердің жылдар бойы тартқан азабы артта қалмақ.

Қайрат Тастамбеков, аудандық аурухананың бас дәрігері

- 1929 жылы салынған аурухана. Ол қазіргі таңдағы ешқандай санэпид талапқа сай емес. Сол үшін, міне, біздің ауданда заманауи жаңа аурухана болады. Енді бұл жерде қазіргі таңда мамандар қиыншылық туғызады. Дегенмен қазір аудан есебінен медициналық мекемелерде 12 дәрігер оқып жатыр. Олардың бастапқысы 2025 жылдан бастап, қазір 6 курсын оқып жатыр. Келер жылы дипломмен, бұйырса, келе бастайды.

Иә, аудан орталығынан бой көтеретін нысан 45 орынға шақталған. Оған қоса 200 адамды қабылдайтын емхана да осы ғимарат жанынын орын теппек. Жалпы биыл өңірде 40-қа жуық емдеу мекемесінің құрылысы басталды. Соның 13-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Нұрлан Ахылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде аймақтағы медицина саласының инфрақұрылымы 90%-ке жақсарады деген сенімдемін. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық қызмет қолжетімді болады. Биыл бірнеше аудан ауруханасын жаңарту бойынша өтінімдер түсіп жатыр. Оның барлығын саралап, қарастырамыз.

Бұдан бөлек биыл өңірдегі 10-ға жуық медициналық нысан күрделі жөндеуден өтеді. Құрылыс жұмыстарына 1,5 миллиардтан астам қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ Жақсы және Жарқайың аудандарындағы ауруханаларды жаңарту да көзделген. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.