Риддер қаласында 28 жер үйді су басты

Оқыс жағдай Лениногор гидроэлектр станциясынан су босату жұмыстары салдарынан болған.

Бұған, сонымен қатар, күннің күрт жылынуы да әсер еткен. Су Громуха өзенінің жағалауына жайылды. Енді шаһар тұрғындары көктемде баспаналарымыз еріген қар суы астында қала ма деп алаңдап отыр. 

Тұрғындардың айтуынша, апатты су босату салдарынан биіктігі 15 метрге жететін мұз басқан учаскелер пайда болды. Дәл осындай үлкен қар массалары көктемде жергілікті халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, ойпатта жатқан жер үйлерді су шайып кетеді, дейді олар.

Енді риддерліктер көктемнің келуін қорқынышпен күтіп отыр. Тұрғындар қазірдің өзінде  тиісті құжаттарды әзірлеп, жауапты мекеме өкілдерінен шығындарды өтеуді талап етуде. Олардың айтуынша, жекеменшік станция басшылығы оқыс жағдайдың болуына жол бермеуі тиіс еді.

Иван Серов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Мәселені шешуге жергілікті әкімдік араласуы керек деп ойлаймын. Қала сусыз қалуы мүмкін ғой. Бұл станция жекешелендіруге дейін су арнасының қарамағында болды. Соны қайтару керек сияқты.

Кәсіпорын инженерлері оқыс жағдайды алдын ала болжау мүмкін емес екенін алға тартты. Өзен суының жайылуына табиғаттың тосын мінезі себеп болып отыр. Ауа температурасы күрт жылынып кеткендіктен, апатты су босату туралы шешім қабылданды.

Матвей Калошин, гидроэлектр станциясының кәсіби-техникалық қызмет көрсету инженері:

- Желтоқсанда жауын жауып, күн жылынып кетті. Осындай жағдайға жол бермеу үшін алдын алу шаралары қолға алынады. Біз жергілікті билікпен бірлесіп ортақ жоспар дайындап жатырмыз. Өзен арнасын бұру жағын да ойластырамыз.

Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері де қауіпсіз су босату шараларын зерттеп жатыр. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары басталды. Мамандар жер қойнауын пайдаланушыларды жауапкершілікке тарту үшін тексеріс жұмыстарын жүргізуде.

Сергей Бородин, Риддер қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта сараптамалар тағайындалды. Кінәлі тұлғаларды анықтау шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, осы тектес жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Қираған үйлерді қалыпқа келтіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Шығын көлемі сараптама қорытындысы бойынша анықталады.

Сымбат Әлібекұлы, Риддер қалалық әкімдігі аппаратының бас маманы:

- Су басқан аумақты күнбе күн тексеріп жүрміз. Төтенше жағдай қызметімен бірге бақылау шаралары да тұрақты. Кейін тұрғындарға келтірілген шығындар өтелетін болады.

Зардап шеккен халықтың жауапты мемлекеттік мекемелердің шешімін күтуден басқа амалы жоқ. Жалпы, көктемгі су тасқыны кезеңінде ел шығысында 50-ден астам елді мекенге қауіп төнуі мүмкін.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин