Қазақстанда химиялық сұйықтықты ішіп қойған балалар саны азаймай тұр
Елімізде абайсызда химиялық жуғыш заттарды ішіп қойып асқазан, өңешін күйік шалған балалардың саны азаймай тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Өткен жылдың өзінде Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына осындай диаогнозбен әр өңірден 100-ден астам бала келіп түсіпті.
Мәдина жақында 4-ке келеді. Екі жасында абайсызда қазан жуатын сұйықтықты ішіп қойған. Содан өңеші күйіп қалған. Дәрігерлер өңешті кеңейтіп көрмек болып, сүмбілеу операциясын жасаған. Бірақ жарақаты ауыр болғандықтан, оң нәтиже бермепті. Бала 1,5 жылға жуық асқазанға қойылған түтік арқылы тамақтанған. Осыдан екі ай бұрын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургтары Мәдинаға өңешті тоқ ішекпен алмастыру операциясын жасады.
Жанат Тәуекелова, Қызылорда облысының тұрғыны:
- Өз аузымен тамақ жейді. Бұрын тек қана су ішетін. Қазір тамақтың барлық түрін жейді. Кәдімгі асқазанға тікелей баратын түтікше болды. Сол арқылы шприцпен тамақ беретінмін. Сұйық түрінде беретінбіз тамақты. Блендерден өткізіп. Енді бізге қайтып келмейсіңдер деп жатыр. Мұндай нәтиже болғанына өте қуаныштымыз. Біз бұрын мұндай операция шетелде болады екен деп ойлайтынбыз.
Бұл жолы Мәдина анасы екеуі Қызылордадан орталыққа оңалту курсынан өту үшін келіпті. 7 күн бойы бақылауда болды. Бүгін ауруханадан шығып, үйлеріне қайтады. Операцияны жасаған хирургтар: «баланың денсаулығы жақсарып келеді», - дейді.
Нышанбек Шыланбаев, дәрігер-хирург:
- Толық зерттеуден өткіздік. Рентген зерттеуі. Эндоскопиялық зерттеу. Олардың барлығында орнатылған трансплантат кеңдігі жақсы, тарылу жоқ. Тамақ қалыпты түрде, қанағаттанарлық түрде өтіп жатыр. Тоқ ішектің белгілі бір бөлімін, яғни 30-35 см бөліп алып, төс артынан кеуде аралыққа орналастыру. Яғни төменде орналасқан ішекті мойынға дейін тарту.
Бұл – күрделі операция. Трансплантациядан соң өңештің қызметін тоқ ішектің бір бөлігі атқарады. Нәтижесінде бала өз аузымен тамақ ішеді. Дәрігерлер ата-аналар тұрмыстық химияға абай болса дейді. Оның қаншалықты қауіпті екенін ескертуден жалыққан емес. Қазір орталықта асқазанына түтікше қойылған тағы бірнеше бүлдіршін жатыр.
Нұржан Афлатонов, дәрігер-хирург:
- Химиялық сұйықтықты жұтқаннан кейін баланың, бүлдіршіннің тағдырына балта шабылып, мүгедектікке алып келуі мүмкін немесе кей кезде қайтыс болуы да мүмкін.
Жылына педиатрия ғылыми орталығында осындай 6-7 өңеш трансплантациясы жасалады екен.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Өкінішке қарай, оған басты себеп ата-аналардың тұрмыстық химиялық заттарды дұрыс сақтамауы болып отыр. Сондықтан жуғыш заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қою керек. Дәрігерлер сұйықтықтың ыдысын ауыстырып, тәтті сусындардың құмырасына құймаңыздар деп кеңес береді. Себебі 5 жасқа дейін бүлдіршіндер дәл сондай түрлі-түсті заттарға әуес болады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.