Әлеуметтік көмек беруді қайта қарау қажет
Еліміздегі бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп, төрт жарым миллионға жуық адам көмек алып отыр.
Яғни бұл әрбір бесінші қазақстандық деген сөз. Олардың басым көпшілігі еңбекке жарамды. Сонымен қатар табысын жасырып, қулыққа көшкендер де көбейген. Енді әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуы мүмкін. Одан бөлек соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Тағы бір маңызды міндет. Еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті. Азаматтарды еңбекпен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек.