Ақтөбе облысында жолдар жабылды
Ақтөбе облысында ақтүтек боран салдарынан барлық бағыттағы жол жабылды.
Желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен. Өткен тәулікте қар құрсауында қалған 140 жолаушы құтқарылды. Тәртіп сақшылары облыс орталығы мен таяу маңдағы елді мекендер арасында жүретін 7 бағыттағы қоғамдық көлікті тоқтатып отыр. Шаһардағы көп қабатты үйдің бірінің шатырын жел ұшырып әкетті. Зардап шеккендер жоқ. Ауа райының бұзылуына байланысты Астана, Алматы мен Атырау бағытындағы 4 әуе рейсі кейінге қалдырылған. Дүлей дауылдан облыс орталығындағы көптеген шағын ауданда электр жарығы өшкен. Кейбір үйлердің тұрғындары ауыз сусыз отыр.
Асқар Бектұрғанов, жарықпен қамту мекемесінің бас инженері:
- Облыс бойынша бізде негізінде мына Ойыл, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға аудандарын және қаланы қатты желдің әсерінен авариялық сөну жағдайлары болды. Бірақ та оған қазір енді мына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оған бізде тиісті мекемедегі мамандар да, техника да жеткілікті. Енді тек қолбайлау болып жатқаны мына көз көрмес боран болып сол жерлерге жете алмай отырмыз.