Қостанайда мектеп жанындағы балабақшалар жабылады
Қостанай қаласында мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеген 9 балабақша жабылады.
Олардың барлығы мектептерде орналасқандықтан, ғимараттарды жалға беру мерзімі осы ақпан айында аяқталды. Ал облыстық білім басқармасы жалға алуды әрі қарай ұзартқысы жоқ. Ата-аналар бұл шешімге түбегейлі қарсы.
Бұл Қостанай қаласының Солтүстік-Батыс шағын ауданындағы жалғыз типтік балабақша. 15-ші мектепке жапсарлас салынған ғимаратта жүз бала тәрбиеленеді. Он жыл бұрын ғана салынған балабақшаның жабылатындығын естіген жұрттың көңілі алаң.
Орынгүл Әбдікерова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Біздің балаларға енді екі жыл бойы осында келгеннен кейін, әрине өзіне үйреншікті екінші үйі ғой былай қарағанда. Енді сол үйімізден айырылып қала жаздап отырмыз.
Дина Бексұлтанова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Менің немерем осы балабақшаға барады. Көршілерім орыс қой. Орысша сөйлеп жүреді. Осында келгелі бері қазақша сөйлейді. Сондықтанда мен немеремнің осы балабақшаға барғанын жақсы көрем.
Мектеп жанынан ашылған балабақшалардың жабылатындығы үш-төрт жылдан бері айтылып жүр. Оның басты себебі оқушы саны көбейген. Мысалы төрт жүз орынға есептелген 15-ші мектепте 790 оқушы бар екен. Сол балабақшаны ығыстырып, босаған бөлікке шағын орталық пен даярлық сыныптарын көшірмек ниетте. Ал бұл шағын ауданда бадабақшаға ыңғайлы басқа ғимарат табу қиын.
Салтанат Исмағұлова, балабақша құрылтайшысы:
- Жақын маңдағы жалға беретін коттеждерді қарап шықтым. Бәрінің аумағы әрі кетсе 350-400 шаршы метр. Оған жүз баланы қалай сыйдырасың.Біздің балабақша мың шаршы метр. Және он жылдың ішінде мұнда барлық жағдай жасалған.
Жабылуға тиісті тоғыз балабақшадағы бүлдіршіндер саны 700-ге жуық. «Енді олар қайда бармақ» деген сұрағымызға, «балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда еш түйткіл жоқ» - деген жауап алдық.
Тілеужан Меденқызы, Қостанай қалалық білім бөлімінің әдіскері:
- 480 жуық орындар, бос орындар бар. Ол енді Индиго жүйесі арқылы көрінеді барлығында жүйелі түрде. Сол жерден алуға болады, мысалы жұмысына жақын орындарда, ата-әжесіне жақын орындарда немесе өзіне ұнаған балабақшаны таңдауға болады. Қазіргі таңда орынға тұру үшін, және кезекке тұру үшін төрт балабақшаны таңдай алады.
Бүгін мәлім болғандай балабақша орналасқан мектеп жанындағы ғимараттарды жалға беру мерзімі алдағы маусым айына дейін ұзартылған. Ата-ана, құрылтайшылармен болған жиында білім басқармасының өкілдері осыны жеткізді. Ал Солтүстік-Батыс шағын ауданының тұрғандары типтік ғимараттың түпкілікті балабақша болғанын қалайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг