Алғаш рет күрделі операция жасалды

Ақтаулық дәрігерлер өкпе күретамырына қан ұйыған науқастың өмірін сақтап қалды.

Күрделі емдік шара аймақта алғаш рет жасалып отыр. Орталық аурухана қызметкерлері бес сағатқа созылған операцияны сәтті аяқтады.

Ер адамның қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлер қала тұрғынын жақын күндері үйіне шығармақ.

Асқар Бекмағамбетов - 50 жаста. Қала тұрғынын бес ай бойы көкжөтел мазалапты. Сәл қимылдаса, ентігіп қалатын болған. Соңғы күндері кеудедегі ауырсыну сезімі күшейген соң дәрігерге қаралады. Бірнеше медициналық сараптамадан өтіп, соңында шұғыл операция жасау керектігі айтылған.

Асқар Бекмағамбетов, қала тұрғыны:

- Ентігу болды, дем жетпейді. Ойланған жоқпын, арғы жағында өлесің деді ғой. Аз ғана өмірің қалды деді, сосын келісейік дедім не болса сол болсын деп. Бір жағына шығайық, соның арқасында ғой осылай отырғаным.

Осылайша, орталық көпбейінді ауруханада алғаш рет науқастың өкпе күретамырына күрделі операция жасалды. Ер адамды дәрігерлер жасанды қан айналым аппаратына қосып, тамырда ұйыған қанды алып тастады. «Шұғыл түрде ем жасалуының арқасында науқас аман қалды. Әдетте мұндай операция еліміздің ірі қалаларының өзінде сирек жасалады», - дейді ақ халаттылар.

Әбунасыр Суханов, кардиохирург:

- Көп жағдайда осындай ауру болған кезде науқастар қайтыс болады. Өйткені ол өте күрделі. Өте қиын ауру. Бұл науқаста қазан айында пайда болған, жөтелден басталған. Сосын уақыт өте ентігу басталып, ол күшейген. Бізге түскенде науқастың ентігуі өте қатты болды. Екі қадам да, үш қадам да жүре алмайтындай ентігу болды. Жатқан кезде де ентігіп жататын. Шұғыл түрде науқасты операцияға алып, өкпенің артериясында жатқан тромбтарды алып тастадық.

Өкпе тамырларында қанның ұюы бастапқыда ешқандай белгі бермейді. «Қайғылы жағдайдың алдын алудың бір жолы - тұрғындар скринингтік тексеруден өтіп тұруы қажет», - дейді медицина қызметкерлері. Бұл бағытта ақтаулық дәрігерлер жоспарлы емдік шараларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша, ал шұғыл операцияны медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіп келеді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев