Қостанай облысының әкімі азаматтарды қабылдау күнін өткізді
Қостанайда облыс әкімі мен оның орынбасарлары, түрлі басқарма, департамент басшылары күні-бойы азаматтарды қабылдады.
Шара барысында 300-ге жуық адам жергілікті атқарушы билік өкілдерімен сөйлесіп, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Бұл шара туралы алдын-ала хабарланған жұрт таңсәріден Жастар сарайының кіреберіс холына жиналды. Әрқайсының өз айтары бар. Мысалы облыс әкімінің алдына барған шаруа қожалығының жетекшісі Болат Қарабаев мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек-қолдаудың жай-жапсарын сұрап білді.
Болат Қарабаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Ол осы сұрақтарды біледі екен. Әрі қаратай осыны орындау үшін ол управление архитектура басшысын шақырды, одан кейін управление финансовты шақырды. Сол кісілермен ақылдасып, сол жерде мен өте қанағаттанарлық сұрағыма жауап алдым.
Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Осындай бетпе-бет жүздесулердің нәтижесінде қоғамды толғандырған көптеген мәселелер өз шешімін тапты.
Берік Таңжарықов, Қостанай ауданының әкімі:
- Бірінші бірыңғай күнінде жүз шақты сұрақтар, абаттандыру, елді мекендерді инфрақұрылымдық проектілермен дамыту туралы сұрақтар туындайтын еді. Қазіргі таңда бұл сұрақтардың көлемі жүзден он бес, жиырмаға дейін түсіп бара жатыр.
Дәстүрге айналған азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні Қостанайда осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Осы аралықта мыңға жуық адам өтініш, арыз-шағымдарын айтып келген.
Жұматай Кәкімжанов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бүгінгі іс-шара барысында прокуратуа және құқық қорғау саласы бағытынан ешқандай сұрақтар туындаған жоқ. Мұның өзі мемлекеттік органдардың қазіргі уақытта тиімді жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.
Азаматтардан келіп түскен өтініш-тілектердің барлығы тіркеуге алынды. Олар бойынша жақын күндері тиісті шешім қабылданады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг