Ақтауда электр сымдарын ұрлаған күдіктілер қамауға алынды

Ақтаудағы кәріздік сорғы стансысын тонап кетті, деп хабарлайды 24KZ.

Қаскөйлер 4 шақырым болатын электр сымдарын алып кеткен.

Енді осының кесірінен «Жылы жағажай» курортты аймағында салынып жатқан құрылыс зиян шекті. Бұл Маңғыстау туризмін дамытуға арналған ауқымды жоба еді. Мемлекетке 105 млн теңге шығын келген.

Полиция қазір күдіктілерді ұстаған. Іс сотта жатыр.

Жоба құрылысы 2019 жылы басталды. Ақтаудан «Жылы жағажай» аймағындағы демалыс базаларына дейін кәріз құбыры төселіп, 50-ге жуық сорғы станциясы салынды. Ендігі қалған жұмыс осы станцияларды электр көзіне қосу болатын. Алайда белгісіз біреулер әлгі нысандарды тонап, бірнеше шақырымға жететін сымдарды ұрлап кеткен. «Бүлінген желіні   қалпына келтіру қанша уақытқа созылары белгісіз», - дейді жауаптылар.

Біржан Маратұлы: қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жоба бойынша 57 шақырым кәріз коллекторы салынды. 6 кәріздік сорғы стансысы салынды. 42 модульдық насостық сорғы стансысы салынды және оларды электр желісімен қамтамасыз ету үшін 44 шақырым электр желісі жүргізілді. Қазір ол нысан «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне берілді.

Асқар Дүзмағамбетов, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Біз күнделікті қарап, барлық жұмысты тексеріп жүрміз. Кешке қарай адам жоқ кезде ұрлаған секілді. Осындай кәріз стансыларымыздың щиттері ашылған. Кабельдері ұрланған. Сонымен қатар кәріз құдығының қақпақтары да ұрланып жатыр соңғы кездері. Біз Ақтау қалалық полиция бөліміне мекеме атынан арыз бердік.

Осылайша, коммуналдық мекеме қызметкерлері дайын тұрған кәріздік сорғы стансыларын іске қоса алмай отыр. Полиция Ақтаудан 30 шақырым аумақты сүзіп шығып, 4 шақырым жерге тартылған электр сымдарының қолды болғанын анықтады. Мемлекет мүлкіне қол сұққандар көпке ұзамай ұсталды. Қылмысқа 5 адамның қатысы бары белгілі болып отыр.

Әнуар Сүлейменов, қалалық ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:

- Сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының төртінші бөлігімен, яғни аса ірі мөлшерде ұрлық бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында 5 күдікті тұлғалар анықталып, қамауға алынды. Олардың қылмыстық іс-әрекеттері толық дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Атышулы іс қазір сотта қаралып жатыр. Мамандар алдағы уақытта бөтен адам қол сұқпауы үшін инфрақұрылымдардың айналасын ток ұратын құрылғылармен қоршамақшы.     

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.