Кәсіп ашуға серпін берген жоба

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 500 ден аса адам кәсіп ашып, ісін ілгерлетті.

Солардың жиырма төрті Сарқан ауданында тұрады. Мемлекеттік жобаның игілігін көргендердің басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысуда. Арасында омарта, наубайхана және мал азығын дайындауға кіріскен кәсіпкерлер де бар.

Сарқан қаласында тұратын Тоққожа Рахым бұрындары шағын ғана құрылғымен жем тартатын. Кәсібін үлкейту үшін ол «Ауыл аманаты» арқылы 5 млн теңгеден аса несие рәсімдеді. Қаражатқа өндірістік қуаты мол техника сатып алды. Сөйтіп, өнім көлемін үш есеге көбейтті.

Тоққожа Рахым, кәсіпкер:

- «Ауыл аманаты» бағдарламасынан бұрын кәсібіміз тарлау болатын. Алдыңғы жылдары 50-60 тонна болса әзір 150 тоннаға көтеріліп, кәсібіміздің көлемі кеңейіп тұр.

Тартылған жемді тұрақты түрде сатып алатындардың бірі Динара Әбішева. Ол мемлекеттік бағдарламаның игілігін пайдаланып, жүзден аса тоқты алды. Қазір жолдасы екеуі ұсақ малды бордақылап жатыр. Ерлі зайыптылар енді жер алып кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Динара Әбішева, кәсіпкер:

- Мына малдың тұрған жері тар болып тұр. Малды көбейтуіміз керек. Бізге кішкене жер берсе тағы малдың басын көбейтейік дегенбіз. Әрмен қарай жұмысшылар алып жұмыспен қамтысақ деген ой бар. Кейін мен тағы бір кәсіпті ойлап жатырмын. Алатау тұқымды сиырлар алып оларды сауып құрт май шығарсақ деген ой бар.

Айгүл Әбдрайымова, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- 23 жылы 24 адам «Ауыл аманатымен» несие алған болса, биыл 24 жылға 91 адамды жоспарлап отырмыз. Ол жаңағы «Ауыл аманатын» ел біліп  қызығушылық танытып, түсініп отырғанынының арқасында ауыл аманатына өтінім беру алты жеті есеге көбейіп жатыр.

Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл 3,5 млрд теңге бөлінді. Екі жарым пайыздық жеңілдетілген несие сәуір айында беріле бастайды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов