СҚО-да 200-ге жуық жылқы қырылды
Дені – құлын, жабағылар. Жас мал қалың қар мен көк мұзда тебіндей алмай аштан өлген.
Сондықтан тұрғындар түліктерін жаппай қолға алды. Қазір осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, шалғай аудандарға жем-шөп жеткізіп жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Әдетте қыс бойы тебінде жүретін жылқылар қазір осылай ауылдың ішінде жайылып жүр. Биыл қыстың қатты болуына байланысты тұрғындар оларды қолға алуға мәжбүр болды.
Солтүстік Қазақстан облысында желтоқсанның соңында жаңбыр жауып, жердің беті сіресіп қатып қалды. Қалың қар да жығылғанға жұдырық болды. Көк мұздан далада жүрген жылқылар тебіндей алмай, қабырғалары көрінгенше жүдеп кеткен.
Алқаағаш ауылының тұрғыны Қырым Баяндин далада жүрген 10 жылқысын қолға алды. Бір жабағысы ұшты-күйлі жоқ. Суықта азық таппай құлаған шығар дейді өзі. Оларды айтпағанда, үйір басындағы айғырлардың өзі қайратсыз күйге түскен.
Қырым Баяндин, Алқаағаш ауылының тұрғыны:
- Қазір жылқылар үйде. Бәрімізде де, бәріміздің да. Ал табылмаған кейбір жылқылар бар. Олар әлі далада. Не болып жатқанын. Оның үстіне өлім – жітім болды. Биыл әсіресе мынау жабағылар. Бірге толмаған жылқылар. Олар сол далада қалып қойғандар. Өлім болды.
«Биыл жылқы үшін жұт жылы болды. Әсіресе желіндеп тұрған бие – байталдарға обал болды. Олар құлын тастады», - дейді ауыл тұрғындары. Сондықтан күні малға қараған қауым жылқыларын қолға алды.
Серік Шаинов, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
- Қар жауды. Одан кейін жауын жауды. Мынау тебіндікке шалағай болды да, жылқышылармен сөйлесіп, ауылдарға жинап, қазір бүкіл жылқылар ауылда. Ауылда өздері ұстап отыр. Шөптері бар. Шөп болмаса, біз анау жеке шаруашылықтармен келісіп, көмектесуге дайынбыз.
Қазір облыс бойынша осындай жағдай. Әсіресе шалғайдағы Уәлиханов ауданында көп жылқы қырылды. Қазірдің өзінде 200-ге жуық басы өлген.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Мынау Уәлиханда бір 130-ға таман. Мынау Ақжарда 20-28 бастай. Тайыншада кішкене бар 20-25 бастай. Енді қазір ол жұмыс бәрі жүргізіліп жатыр анықтап. Сол енді өлімтіктерін бәрін жинап бір жерге күйдеріп.
Қазір қуаңшылық болған Уәлиханов және Ақжар аудандарына жүк көліктерімен шөп жеткізіліп жатыр. Ал ауылдағы ағайын «малдың аузы қашан көкке тиер» деп сары уайымға салынған.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков